Қазақстанда нан қай қалада қымбат және баға қай өңірде қатты өсті?

Қазақстанда нанның бағасы кейінгі бір жылда 4,2%-ға қымбаттап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа өсімінен асып түсті. Ең жоғары баға Қонаевта тіркелсе, ең қатты қымбаттау Семейде байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына кіретін бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін қалыпты бидай нанының бағасы бір жылда 4,2%-ға өсті. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа қымбаттау қарқынынан (2,9%) жоғары. Ал маусым айының соңғы аптасында әлеуметтік нанның бағасы өзгермесе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы орта есеппен 0,1%-ға төмендеді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша әлеуметтік нанның жылдық қымбаттауы 5,4%-ды, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы өсімі 9,3%-ды құраған болатын. Демек, биылғы баға өсімі өткен жылмен салыстырғанда біршама баяулаған.
Өңірлер арасында баға өсімі айтарлықтай ерекшеленеді. Ең жоғары қымбаттау Семейде тіркелді – 13%. Одан кейін Павлодар (12,9%) мен Ақтөбе (12,5%) орналасқан. Сондай-ақ Жезқазған (9,1%), Алматы (7,4%), Ақтау (6,9%), Петропавл (5,8%) және Қонаевта (5,7%) баға республикалық орташа көрсеткіштен жоғары өсті.
Қалған қалаларда әлеуметтік нан бағасы 1%-дан 3,3%-ға дейін ғана қымбаттады. Ең төмен өсім Қарағандыда (1%), Оралда (1,1%) және Қостанайда (1,4%) байқалды. Ал Көкшетау әлеуметтік нан арзандаған жалғыз қала болды. Бір жылда баға 8,7%-ға төмендеген.
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстан қалаларындағы бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нанның орташа бағасы келісіне 229 теңге болды. Ең қымбат әлеуметтік нан Қонаевта сатылды, онда келісіне 347 теңге. Одан кейін Алматы (308 теңге), Жезқазған (281 теңге), Семей (266 теңге) және Ақтау (253 теңге) тұр. Павлодар (244 теңге), Талдықорған (239 теңге) және Көкшетауда (231 теңге) да баға республикалық орташа деңгейден жоғары болды.
ОқыңызЕң арзан әлеуметтік нан Оралда тіркеліп, келісіне 185 теңгеге сатылды. Сонымен қатар Шымкентте (187 теңге), Петропавлда (196 теңге), Таразда (198 теңге) және Қостанайда (199 теңге) баға ең төмендердің қатарында болды. Астанада әлеуметтік нанның бағасы 212 теңге болып, орташа республикалық деңгейден төмен қалыптасты.
Өндіріс көлеміне келсек, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 204,3 мың тонна жаңа піскен нан өндірілді. Былтырмен салыстырғанда 0,3%-ға немесе 685 тоннаға аз.
Ең көп нан өндірген өңірлер – Түркістан облысы мен Алматы қаласы. Екі өңір бірге елдегі жалпы өндірістің үштен бірінен астамын қамтамасыз етті. Алайда Түркістан облысында өндіріс 0,6%-ға, Алматыда 1,4%-ға төмендеді.
Өндіріс өсімі бойынша Алматы облысы (+12,9%), Атырау облысы (+10,4%) және Батыс Қазақстан облысы (+8,7%) көш бастады. Ал ең үлкен төмендеу Ұлытау облысында тіркелді – 11%. Сонымен қатар Қарағанды облысында өндіріс 9,2%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 8,1%-ға, Астанада 7,4%-ға және Шығыс Қазақстан облысында 7%-ға қысқарды.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында әрбір қазақстандық орта есеппен 9,6 келі нан тұтынған. Соның шамамен үштен екісі – бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нан. Бір адам тоқсанына орта есеппен 5,98 келі әлеуметтік нан, 2,67 келі жоғары сұрыпты нан және 1 келіге жетпейтін қара және қарабидай-аралас нан тұтынған.
Ауыл тұрғындары әлеуметтік нанды қала тұрғындарына қарағанда көбірек тұтынған. Бір тоқсанда жан басына шаққанда 6,57 келі, ал қалаларда – 5,65 келі. Керісінше, қала тұрғындары жоғары сұрыпты нанды ауыл тұрғындарына қарағанда шамамен үш есе көп тұтынады.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов қазақстандықтардың басым бөлігі қаржылық сауатсыздықтан емес, күнделікті тұрмысын қамтамасыз ету және азық-түлік сатып алу үшін несие алуға мәжбүр екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, халық табысының едәуір бөлігі азық-түлікке жұмсалып, нақты кіріс инфляция әсерінен төмендеп отыр. Оның сөзінше, шенеуніктердің дерегіне сәйкес, азық-түлік бағасы 13,5%-ға қымбаттап, халық шығындарының құрылымында тамаққа жұмсалатын қаржының үлесі 52%-ға жеткен.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді