"Мәжбүрлеп үйін салғызған": Жамбыл облысында жасөспірімнің өліміне кінәлі үш жігіт сотталды

Жамбыл облысында кәмелет жасына толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген үш адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокуратура мәліметінше, өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы қорада асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі (Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Ауылдың 22 жастағы тұрғыны және 10 және 11-сыныпта оқитын екі оқушы күдікті деп танылған.
Тергеу барысында 7–11-сынып оқушылары арасында бейресми “көшбасшы” бар екені анықталған.
“Кей оқушылар арасында қылмыстық өмір салтын үлгі ретінде қабылдап, “өз ережесімен өмір сүру” сынды түсініктердің таралғаны анықталды. Мұның кейбірі жастар арасында қалыпты құбылыс ретінде қабылданған. Қайғылы оқиғаға жүйелі қорқыту, психологиялық қысым және “үлкендер” тарапынан еңбекке мәжбүрлеу себеп болған. Атап айтқанда, қайғылы жағдайға дейін жасөспірім аталған азаматтың үйінде құрылыс жұмыстарын мәжбүрлі түрде атқарған. Себебі ол азамат жастар арасында “беделді” адам ретінде танылған”, – делінген хабарламада.
2025 жылғы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданған. Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 16 сәуірде үкім шығарды. Нәтижесінде айыпталушылар кінәлі деп танылды.
Негізгі айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал екі кәмелетке толмаған сыбайласқа, әрқайсысына 5 жылдан жаза кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы QSI жекеменшік мектебінде оқушы өзіне қол жұмасамақ болғаны туралы жазған едік. Қалалық полиция департаменті буллинг фактілері расталмағанын мәлімдеген.
Оқыңыз