Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда декрет төлемдері неге кешігеді және мемлекетте шынымен қаржы жетпей ме?

Декреттік төлемдердің кешігуіФото: Rostislav_Sedlacek/Getty Images

Қазақстанда декреттік демалыста отырған әйелдерге берілетін ай сайынғы жәрдемақының кешігуі қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде аналардың жаппай шағымдары жарияланғаннан кейін көп ұзамай төлемдер олардың шоттарына түсе бастады. Осы жағдайға байланысты Stan.kz тілшісі неліктен кешіктірілгенін және алдағы уақытта қайталану ықтималдығын анықтауға тырысты.

"Салықтарымыз бен жарналарымыз қайда кетті?"

Қазақстандық аналар бала күтімі бойынша жәрдемақының кешігуіне байланысты әлеуметтік желіде жаппай наразылық білдірген еді. Олардың айтуынша, әдетте әр айдың 10-ына дейін түсетін төлемдер бұл жолы көпшілікке уақытында жетпеген.

Желі қолданушыларының бірі Салтанат Сейілбекова жағдайға наразылық білдіріп, мемлекет тарапынан жауапкершіліктің біржақты екенін атап өтті. Оның сөзінше, жұмыс істеп жүрген кезде барлық міндетті төлемдер уақтылы ұсталып отырған.

"Біз жұмыс істеген кезде мемлекет ай сайын табыс салығын, зейнетақы жарнасын, әлеуметтік аударымдарды, медициналық сақтандыру төлемдерін уақытылы әрі толық ұстап отырды. Барлығын тиынына дейін дәл есептеп алып отырды. Ал енді өзімізге тиесілі заңды ақшаны төлейтін уақыт келгенде, оларда “қаржыландыру жоқ” дейді? Біздің салықтарымыз бен жарналарымыз қайда кетті?", – деп әйел шағымданды.

Сонымен қатар, ол жәрдемақының кешігуін әділетсіз деп санайды.

Тағы бір ана жәрдемақының кешігуі туралы ақпараттың кең тарағанын айтып, байланыс орталығына хабарласудың да қиын екенін жеткізген. Басқа пікір иесі де ұқсас жағдайға тап болғанын айтып, бірнеше рет хабарласуға тырысқанымен нәтиже болмағанын алға тартады.

"Қорда қаржы тапшылығы байқалады"

Осы ретте экономист Марат Абдурахманов Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында қаржы тапшылығы болып отырғанын айтты. 

"Менің есептеуім бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қазір қаржы тапшылығын сезініп отыр. Себебі жаңа Салық кодексіне байланысты қорға түсетін түсімдер азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, Қазақстанда бар болғаны 12 миллион адамның ішінде тек 4 миллионы ғана ай сайын әлеуметтік аударымдар төлейді. Сондықтан қорға түсетін қаражат жеткіліксіз болуы мүмкін", – деп түсіндірді қаржы сарапшысы.

Марат Абдурахманов экономистФото: Марат Абдурахмановтың жеке архивінен

Қаржы сарапшысының айтуынша, қазіргі Салық кодексінде жеке және заңды тұлғалар үшін бірыңғай салық жүктемесі жоқ. Оның сөзінше, таза табысқа түсетін салық жүктемесі кей жағдайда 100%-дан асып кетеді. 

"Жүйені қалыпқа келтіру үшін 2004 жылғы тұжырымдамаға қайта оралу қажет. Қосылған құн салығын алып тастап, бірыңғай әлеуметтік салықты қайтару керек. Сонда ешкім көлеңкелі экономикаға кетпейді. Ал салық сарапшыларының айтуынша, Салық кодексі өзгергенімен, әлеуметтік төлемдер бойынша ережелер сол күйінде қалған. Егер төлемдердің кешігуі болса, оның нақты себебін ашық түсіндіру қажет. Жаңа Салық кодексінің нормалары енгізілгеннен кейін, таза табысқа 100%-дан жоғары мөлшерлемемен салық салынуы салдарынан көптеген кәсіпкерлер жеке кәсіпкерліктерін (ЖК) жаба бастаған. Соның нәтижесінде қорға жарна төлейтіндердің саны азайған", – дейді қаржы сарапшысы Марат Абдурахманов.

Қазіргі кодексте ең төменгі күнкөріс деңгейінің нақты, экономикалық тұрғыдан негізделген көрсеткіші толық ескерілмеген. Сонымен қатар жеке тұлғалар өздерінің нақты шығындарын салық салу кезінде шегерім ретінде пайдалану құқығынан айырылған дейді ол.

"Бұл реформаны жүзеге асырған орган қажет болған жағдайда жекелеген нормаларды қайта қарап, түзете алады. Жалпы алғанда, бұл бағытта өзгерістер болады деген үміт бар. Қазіргі Салық кодексінде салық жүктемесін экономикалық тұрғыдан негіздейтін нақты қаржы-экономикалық есептеулер жоқ. Мұндай есептеулер бұрынғы кодекстерде болған, алайда қазір ресми түрде ұсынылмаған. Ал 2002 жылғы Салық кодексінде азаматтар барлық нақты шығындарын есепке алу мүмкіндігіне ие еді. Кейін бюрократияны азайту мақсатында бірыңғай салық енгізілді. Бірыңғай әлеуметтік салық негізінен кәсіпорындар үшін, нақты секторды қолдау мақсатында енгізілген еді", – деп толықтырды қаржы сарапшысы Марат Абдурахманов.

Марат Абдурахмановтың айтуынша, бұрынғы кезеңде салық жүйесі нақты экономикалық есептеулерге негізделген. Яғни азаматтардың тұтыну деңгейі мен шығындары ескеріліп, соған сай салық формулалары жасалған, бұл өз кезегінде жүйенің әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда кейін бұл тетіктер қысқартылып, қазіргі салық жүйесінде мұндай терең экономикалық негіздемелер толық көрініс таппай отыр дейді ол.

“Керісінше, қорда артық қаражат қалып отыр”

Мәселеге қатысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова Stan.kz тілшісінің сауалына жауап берді. Оның айтуынша, қорда қаржы тапшылығы жоқ және төлемдер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

"Біз бұған дейін төлемдерді ай сайын уақтылы аударып отырдық. Тек осы айда база жаңартылуына байланысты 1-2 күнге кешігу болды. Мысалы, бұрын адамдар төлемді айдың 13-іне дейін алып отырды. Бұл жолы 13-і жұмаға түсіп, төлемдер келесі жұмыс күндері – дүйсенбі мен сейсенбіде түсті", – дейді Гүлбағила Болатбекова.

Сонымен қатар қор өкілі ресми деректерге сүйене отырып, қаражат жеткілікті екенін алға тартты.

"Бізде ай сайынғы көрсеткіштер ашық жарияланады. Мысалы, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қорға 244 млрд теңге түсті, ал төлемдерге 201 млрд теңге жұмсалды. Яғни қаражат жетіспеушілігі жоқ, керісінше артық қаражат қалып отыр. Ол қаражат Ұлттық банктегі бағалы қағаздарға инвестицияланады", – деп түсіндірді ол.

"Декреттегі аналардың жұмыс істеуіне тыйым салу логикасы да түсініксіз"

Ал салық сарапшысы Айдар Масатбаев Әлеуметтік кодекстің нормалары өзгермегенін атап өтті.

"Әлеуметтік аударымдар мен төлемдер бойынша мөлшерлемелер де өзгеріссіз қалды. Салық кодексі де айтарлықтай өзгерістер енгізген жоқ. Қордан төленетін кейбір төлемдер бар, олар айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты. АЕК 10%-ға өссе, сәйкесінше төлемдер де артады. Инфляцияның өсуін ескерсек, қазақстандық әйелдер орта есеппен 300 000 теңге алуы тиіс. Қазір бұл сома шамамен екі есе аз. Сондай-ақ декреттегі аналардың жұмыс істеуіне тыйым салу логикасы да түсініксіз. Егер олар жұмыс істеп, әрі әлеуметтік және зейнетақы қорларына аударым жасап, сонымен қатар жәрдемақы да алса, мемлекет тек ұтар еді", – дейді Айдар Масатбаев.

Айдар Масатбаев заңгер

Фото: Айдар Масатбаевтың жеке архивінен

Айдар Масатбаев Салық кодексіндегі өзгерістер әлеуметтік аударымдардың азаюына әсер ете ме деген сұраққа "екіталай" деп жауап берді. 

"Өйткені әлеуметтік аударым мөлшерлемелері әлеуметтік кодекспен белгіленген және ол өзгерген жоқ. Сондықтан бұл уәж сәл негізсіздеу көрінеді. Теория жүзінде бәрі мүмкін. Алайда тәжірибеде табыс көлемі 100% таза пайдаға тең болуы үшін ерекше жағдайлар қажет. Шынын айтқанда, қазіргі жоғары салық жүктемесін және кейбір шығындарды шегеруге қойылған шектеулерді ескерсек, (мысалы, жалпыға бірдей режімдегі компаниялар жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін компаниялардан B2B шығындарын шегере алмайды) мұндай жағдай техникалық тұрғыда болуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде кездестіру қиын. Дегенмен кәсіпкерлерге түсетін жүктеме айтарлықтай артқаны анық", – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Сарапшы Айдар Масатбаев осы мәселеге қайта оралуға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда депутат Айтуар Қожмамбетов та еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайтуды ұсынып отыр. Айдар Масатбаевтың сөзінше, бүгінде бұл жүктеме шамамен 39-41%-ға тең және өсіп келеді. Осыған байланысты депутат оны 25%-ға дейін төмендетуді ұсынып отырғанын мысалға келтірді.

"Бірақ мәселе балама табыс көздері қайдан табылады? Тендерлердегі жемқорлық пен негізсіз шығындарды қысқарту керек. Шетелдегі табыстар мен активтерді әкімшілендіруді күшейту маңызды. Мысалы, Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде зардап шеккен нысандардың кейбірі қазақстандықтарға тиесілі болғаны анықталды. Меніңше, әлдеқашан Лондон мен Дубай сияқты қалаларда жергілікті салық органдарымен тікелей байланыс орнату керек еді. Сол қалалардағы күмәнді қаражаттарды анықтап, ретке келтіру қажет. Мұндай ынтымақтастық жергілікті салық органдарына да тиімді болар еді. Өйткені заңсыз жолмен келген қаражаттың айналымда жүргені ешкімге ұнамайды", – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 13:48