Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан 26 миллиард теңгені алуға өтініш беріп үлгерген

 ақша
Фото: Stan.kz

Елімізде зейнетақы жинағын шешіп алуға қатысты жаңа шектеулер күшіне енер алдында қазақстандықтар жаппай өтініш берген. Бір күннің ішінде БЖЗҚ-ға шамамен 43 мың өтініш келіп түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

4 маусымда, ең төменгі жеткіліктілік шегі көтерілер алдындағы соңғы күні, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) шамамен 43 мың салымшыдан өтініш түскен. 

"2026 жылғы 4 маусымда БЖЗҚ-ға тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша ең төменгі жеткіліктілік шегіне қатысты шамамен 44 мың өтініш түсті. Оларды 42 976 салымшы 26 миллиард теңгеден астам сомаға берген. Сол күні емделуге қатысты өтініштер түскен жоқ", – делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Жыл басынан 31 мамырға дейін БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында зейнетақы қаражатын пайдаланған 116 611 адамның 217 268 өтінішін орындаған. Сондай-ақ емделу үшін 122 өтініш мақұлданған. Айта кетейік, 2026 жылғы 12 қаңтардан бастап біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды.

Қазіргі таңда БЖЗҚ-да жинағы белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын 30 мыңнан астам адам бар. Бұл барлық салымшылардың небәрі 0,28%-ын құрайды.

Еске салсақ, БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шегін көтерген болатын. Енді зейнетақы жинағын алу қиындай түседі.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 11:55