Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ полициясы қазақстандық Әсет Құралбайдың қаза тапқанын растады: Отбасы қаражат жинап жатыр

Әсет Құралбай
Фото: Әлеуметтік желіден

АҚШ-тың Иллинойс штатында, Чикаго қаласы маңында із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың мәйіті табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде жарияланды. Онда полиция жүргізген тексеруден соң табылған марқұмның Әсет Құралбай екені ресми расталғаны айтылған. Сондай-ақ оның әпкесі Гүлнара жақын күндері Нью-Йорктен Чикагоға ұшып барып, мәйітті Қазақстанға жеткізу жұмыстарымен айналысатыны хабарланды. Осы мақсатта отбасы қаражат жинауды бастаған.

Әсет Құралбай (1)
Фото: Әлеуметтік желіден

Айта кетейік, Әсет Құралбай 2026 жылдың маусым айының басында Иллинойс штатындағы Форд-Хайтс ауданында жоғалып кеткен еді. Оның туыстары байланыс үзілгеннен кейін достарынан пәтерін тексеруді сұраған. Пәтерден жазба мен банк карталары табылған.

Отбасының мәліметінше, 10 маусым күні, жоғалғаны туралы арыз берілгеннен кейін көп ұзамай, Әсеттің көлігі үйінен бес минуттық жерде табылған. Бейнебақылау камераларына белгісіз қара нәсілді әйелдің көлікті айдап кеткені түсіп қалған. Қазір оның кім екені және оқиғаға қандай қатысы бары анықталып жатыр.

Туыстарының айтуынша, полиция істі белсенді түрде тергеп жатыр. Оқиға орнына бірнеше патрульдік көлік жіберіліп, сараптама жүргізу үшін Әсеттің жеке заттары тәркіленген. Іздеу жұмыстарына қызметтік иттер де жұмылдырылған.

Әсет АҚШ-та шамамен төрт жыл тұрған. Ол Amazon жеткізу қызметінде жұмыс істеп, соңғы уақытта Чикагоның қылмыс деңгейі жоғары ауданында тұрған. Көршілерінің айтуынша, ол тұйық өмір салтын ұстанған, адамдармен сирек араласқан.

Марқұм соңғы рет 2 маусым күні ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Кейін бірнеше күн бойы хабарсыз кеткен соң, отбасы дабыл қағып, іздеу жұмыстарын бастаған. Ал 7 маусымнан кейін оның телефоны қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген.

Еске салайық, 30 мамыр күні Қарағандыдағы Федоровское су қоймасында 21 және 22 жастағы екі үндістандық студент суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға шомылуға тыйым салынған аумақта болған. Құтқарушылар олардың денелерін жағадан шамамен 15 метр қашықтықтан, бес метр тереңдіктен алып шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл жерде су түбінің бедері қауіпті әрі тереңдігі күрт өзгереді. Оқиғаның мән-жайы бойынша тексеру жүргізілген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 12:40