Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жетісуда қылмыстық топ уранды кәсіпорыннан заңсыз шығарып Қытайға тасымалдап келген

уран концентраты
Фото: magnific.com

Жетісу облысында уран концентратын Қытайға жасырын тасымалдамақ болған қылмыстық топтың мүшелеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жетісу облысында ядролық материалдарды заңсыз сақтау, тасымалдау және шетелге шығаруға әрекеттену ісі бойынша алты адамға қатысты сот үкімі шықты.

Тергеу мәліметінше, айыпталушылар уран концентратын өндірістік кәсіпорыннан заңсыз шығарып, оны Қытайға тасымалдау схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық топ материалдарды жасырын сақтап, бірнеше адам арқылы жеткізіп, мемлекеттік шекарадан өткізбек болған.

Заңсыз әрекет "Нұр Жолы" өткізу пунктінде тоқтатылды. Шекаралық бақылау кезінде радиоактивті заттар анықталып, сараптама олардың уран концентраты екенін растады. Сондай-ақ заттың радиоактивтілік деңгейі белгіленген нормадан бірнеше есе жоғары болған.

Сот үш айыпталушыны 7 жыл 6 айға, екі адамды 2 жыл 6 айға, тағы біреуін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Барлығы орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейтін болады.

Еске салайық, бұған дейін құқық қорғау органдары мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау және контрабандалық жолмен шетелге шығару деректерін анықтаған еді. Тергеу мәліметінше, Ақтөбе облысында ұйымдасқан топ жалған құжаттар арқылы мұнай өнімдерін ұрлап, тасымалдаумен айналысқан. Сондай-ақ шетелге 30 мың тоннадан астам жанармай экспорттаған компанияның қызметі тексеріліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз айналымнан түскен табыс көлемі шамамен 8 миллиард теңге болған.

Stan.kz
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 11:40