Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрі қарай кідіруге болмайды": Бектенов жаңа Stadler вагондарын елге жеткізуге қатысты пікір білдірді

вагон
Фото: Stadler

Үкімет отырысында премьер-Министр Олжас Бектенов Stadler компаниясының жолаушылар вагондарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бектеновтың айтуынша, жолаушылардан вагондардың жағдайына қатысты шағым әлі де түсіп жатыр. 

“Stadler компаниясының вагондарын жеткізуді одан әрі кешіктіруге болмайды. Өнеркәсіп министрлігіне, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясына және Stadler компаниясына қауіпсіздікке қатысты барлық техникалық талаптарды сақтап, жолаушылар вагондарын қысқа мерзімде жеткізуді тапсырамын”, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол 2026 жылдың соңына дейін теміржол желісіне 215 жаңа локомотив пен шамамен 1,5 мың жүк және жолаушылар вагоны шығарылуы тиіс екенін мәлімдеді.

ҚТЖ не дейді?

Журналистер Stadler компаниясы бұған дейін тежеу жүйесіндегі ақаулар ақпан айына дейін жойылғанын мәлімдегенін айтып, қазір мәселе неде екенін сұрады. Сауалға “Қазақстан темір жолы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов жауап берді. Оның сөзінше, Stadler компаниясының вагондарындағы тежеу жүйесіне қатысты мәселелер әлі толық шешілмеген.

“Тежеу жүйесі – жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды элементтердің бірі. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Жолаушылардың қауіпсіздігі басты жауапкершілігіміз. Аталған ақаулар стандартты бақылау рәсімдері барысында анықталды”, – деді Ахметжанов.

Оның айтуынша, өндірушіге қарамастан, барлық жаңа вагондар бірдей қабылдау және бағалау рәсімдерінен өтеді.

“Өткен жылдың желтоқсан айында жүргізілген сынақтар барысында Қазақстан заңнамасында және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген талаптарға сай емес жағдайлар анықталды”, – деді ол.

Ануар Ахметжанов ақпан-наурыз айларында қосымша тексерулер жүргізілгенін, алайда тараптардың ұстанымдары әртүрлі екенін айтты. 

“Қазір тежеу жүйесі қолданыстағы техникалық регламенттерге толық сәйкес келмейді және осы ұстанымды сақтаймыз. Мұны растайтын қажет құжаттар мен ресми қорытындылар бар”, – деді ҚТЖ өкілі.

Сонымен қатар ол сәйкессіздіктердің нақты себебі мен оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты Stadler компаниясы ұсынатынын айтты.

“Өндіруші – Stadler компаниясы, ал біз тапсырыс берушіміз. Сондықтан техникалық сәйкессіздіктердің себебі мен оларды жоюға қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты өндіруші тарапынан алған дұрыс”, – деді Ахметжанов.

Айта кетейік, 2025 жылы желтоқсанда “Қазақстан темір жолы” компаниясы жаңа Stadler вагондарының суретін ұсынды. Жаңа вагондарда екі дәретхана, балаларға арналған орындықтар, бала жөргегін ауыстыруға арналған үстелдер, бейнебақылау камерасы және Wi-Fi қарастырылған. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап қазақстандықтар бұл вагондарды мына бағыттарда пайдалана алатыны хабарланған еді:

  • №3/4 “Астана – Алматы”;
  • №353/354 “Астана – Семей”;
  • №85/86 “Астана – Шымкент”;
  • №47/48 “Астана – Атырау”.

Биыл мамыр айында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Stadler вагондары неге әлі пайдаланылмай жатқаны сұралған еді. Кейіннен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жаңа швейцариялық пойыздардың қашан пайдалануға берілетінін айтты.

Жуырда ұлттық тасымалдаушы Stadler компаниясының швейцариялық вагондарын іске қосудың кешеуілдеуіне қатысты тағы бір мәлімдеме жасалды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 12:07