1 шілдеден бастап аулаларда көлік қоюға тыйым салынады деген қауесетке ІІМ жауап берді

Әлеуметтік желіде 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің аулаларында көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме беріп, мұндай өзгерістердің енгізілмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған тұрғын үйлердің аулаларында көлік қоюға тыйым салынатыны туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Мәліметтерге сенсек, биыл 1 шілдесінен бастап тұрғын үйлердің аумағында көлік құралдарын қоюға шектеу енгізілетіні жөніндегі хабарламалар шындыққа сәйкес келмейді.
ОқыңызІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, жол жүрісі қағидаларына көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою тәртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Қолданыстағы талаптар бұрынғыдай күшінде қалады.
"Министрлік көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға әрі тоқтатуға тыйым салынатынын еске салады. Жол қозғалысына қатысушылардың барлығы жол жүру ережелерін қатаң сақтап, өзара құрмет пен жауапкершілік танытуы қажет. Ведомство балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырды. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың көшедегі жүріс-тұрысын бақылауды күшейтіп, жолдың жүріс бөлігінде және өмір мен денсаулыққа қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын үнемі түсіндіріп отыру ұсынылды", – делінген полиция жауабында.
Ведомство өкілдерінің сөзінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу барша азаматтың ортақ міндеті.
Еске салайық, бұған дейін 26 мамыр күні Көкшетауда тұрғын үй аумағындағы автотұраққа кіреберісте әйелді көлік қағып кеткен еді. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Белгілі болғандай, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген.
"Трендті ұстап тұрған әже": Желіде немересімен видео түсірген 86 жастағы кейуана қазақстандықтарды сүйсіндірді