Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық пойыздар интернетпен қашан қамтылады: ҚТЖ өкілі жауап берді

вагон
Фото: gov.kz

Қазақстандық жолаушылар жаздың соңына дейін негізгі бағыттардағы пойыздарда интернет қызметін пайдалана алады. Мұны “Қазақстан темір жолы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Азхметжановтың сөзінше, қазір бірқатар бағытта интернетке қажет жабдықтарды орнату жұмыстары жүріп жатыр.

“Қазір интернетсіз өмір сүру қиын болғандықтан, жолаушылар тарапынан пойыздарда байланыс сапасын жақсартуға деген сұраныс артып отыр. Бұл бүгінде өте өзекті мәселе. Интернетсіз өмірді елестету қиын. Жолаушыларымыздың осы керегін ескеріп, өткен жылы төмен орбиталы спутниктік жүйелерді пайдалану бойынша екі ірі пилоттық жобаны іске асырдық. Аталған жүйелердің пойыздарда қажет деңгейдегі қызметті көрсету мүмкіндігі тексерілді”, – деді ол.

Оның сөзінше, сынақ нәтижелері спутниктік интернетті жолаушылар пойыздарында тиімді пайдалануға болатынын көрсетті.

“Бүгінде жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстарды бастап кеттік. Бұл жоба әзірге ұлттық тасымалдаушыға тиесілі жолаушылар пойыздарын қамтиды. Қазір Семей бағытына қатынайтын пойыз толықтай интернетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Алматы – Павлодар бағытындағы №31/32 пойызға, Павлодар – Түркістан бағытындағы №45/46 пойызға, №47/48 бағытындағы пойыздарға және басқа да бірқатар құрамдарға спутниктік интернет терминалдарын орнату жұмыстары жүріп жатыр”, – деді компания өкілі. 

Оның сөзінше, қазір жолаушылар ағыны көп пойыздар қамтылып жатыр. 

“Бұл қызметті мүмкіндігінше көп азамат пайдаланып, оның артықшылықтарын сезінуі маңызды. Жоспарымызға сәйкес, жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз”, – деді Ахметжанов. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жыл соңына қарай интернет әуеде де қолжетімді болатыны туралы жазған едік. Мұны мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі мәлімдеген еді. Оның сөзінше елімізде жыл соңына дейін пойыздарда, республикалық трассалар мен ұшақтарда спутниктік интернет қолжетімді болады. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 12:49