Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шағын станцияларға тоқтамайды": Қазақстанда кейбір пойыздардың жүру бағыты өзгермек

вагон
Фото: rail-news.kz

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компания АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов Қазақстандағы пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер қазір пойыздардың жүру кестесін қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр ма деп сұрады. Мысал ретінде олар Астана – Ақтөбе бағытын айтты. 

“Бұрын бұл бағыттағы жол 16 сағатты алатын. Қазір 26 сағатқа созылады. Ал кейбір пойыздар 30 сағатқа дейін жүреді. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр”, – деп сұрады БАҚ өкілдері.

Ануар Ахметжанов пойыздардың қозғалыс жылдамдығы теміржол инфрақұрылымының мүмкіндіктеріне байланысты екенін айтты. 

“Жаз мезгілінде ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл да пойыздардың қозғалыс кестесіне әсер етеді. Дегенмен, бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Ең алдымен, вагондар мен локомотивтер паркін жаңартып жатырмыз. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Оған қоса пойыздардың аялдау санын қысқарту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мысалы, халықаралық бағыттағы пойыздар бар. Астанадан Омбыға қатынайтын бір пойыз Қазақстан аумағында ғана 22 станцияға тоқтайды. Қазір халықаралық пойыздар шағын станцияларда міндетті түрде тоқтауы қажет пе деген мәселені талқылап жатырмыз.  Аялдамалар санын азайтып, осылайша пойыздардың жүру жылдамдығын арттыруға бейімбіз”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін “Қазақстан темір жолының” қарызы 3 триллион теңгеден асқаны, пойыз билеттері қымбаттауы мүмкін екені айтылған еді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 16 Маусым, 2026 13:43