Қонаев гарнизонында сарбаз төртінші қабаттан құлап кетті

3 тамызда Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметкер төртінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жайтты Десанттық-шабуылдау әскерлері Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады. Ведомство мәліметінше, әскери қызметкер ауруханаға дереу жеткізіліп, оған барлық қажет мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
“Сарбаз қызмет өткеру жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Бір күн бұрын ол ата-анасымен кездескен. Олардан да ешқандай шағым түспеген”, – делінген хабарламада.
Аталған факі бойынша Ішкі істер министрлігі Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір қажет тергеу амалдары жүріп жатыр.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеріс тағайындап, арнайы комиссия құрған. Оқиға министрліктің ерекше бақылауына алынған.
Өз кезегінде “Аналар жүрегі” сарбаз аналары комитеті де бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ұйым мәліметінше, төтенше жағдай Қонаевтағы 32363 әскери бөлімінде болған. Мерзімді әскери қызметкер төртінші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған.
Комитеттің хабарлауынша, оқиға туралы ақпарат түскен бойда ұйым өкілі әскери бөлімге барып, кейін жарақат алған сарбазды ауруханада көрген.
“Біз сарбаздың әкесімен және әжесімен, әскери бөлім басшылығымен, сол күні бірге кезекшілікте болған сарбаздармен сөйлесіп, оқиға туралы бастапқы ақпарат алдық. Жағдайды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Қазір ең бастысы – сарбаздың өмірі мен денсаулығы. Оның тезірек сауығып кетуін тілейміз және дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенеміз”, – деп мәлімдеді комитет.
Қазір оқиғаға байланысты тергеу жалғасып жатыр.
“Тергеу аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте. Сондықтан жұртшылықты қауесет пен расталмаған ақпарат таратпауға шақырамыз. Оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар жан-жақты әрі объективті түрде анықтауы тиіс. “Аналар жүрегі” сарбаз аналары комитеті ешбір өтінішті және төтенше жағдайды назардан тыс қалдырмайды. Бұл істің барысын бақылауды жалғастырамыз”, – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Еске салайық, Өскеменде мерзімді әскери қызметтегі сарбаз кезекшілік кезінде белгісіз бағытқа кеткендіктен оған іздеу жарияланған еді.
2004 жылы туған мерзімді әскери қызметші Мархан Айқын Ерланұлы 23 шілде күні сағат шамамен 06:30-да Өскемен қаласында орналасқан №27943 әскери бөлімнің қару-жарақ және оқ-дәрі қоймасында тәуліктік кезекшілікте болған.
Ол қызмет орнын өз еркімен тастап, қойма аумағынан шығып, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Кейін арада үш күн өткен соң сарбаз облыс орталығынан шамамен 20 шақырым жерден табылды.
Алматылық зейнеткердің ForteBank депозитіндегі ақшасы екі рет ұрланған: Ол ақшасын 4 жылдан бері қайтара алмай жүр
Оқыңыз