Алматылық зейнеткердің ForteBank депозитіндегі ақшасы екі рет ұрланған: Ол ақшасын 4 жылдан бері қайтара алмай жүр

74 жастағы зейнеткер төрт жылдан бері өз ақшасын қайтара алмай жүр. Алматы тұрғыны Stan.kz тілшісімен тілдесіп, атасы Батырбай Әбілчановтың ForteBank-тегі депозитінен қаражаттың екі рет жоғалғанын, ал осыған қатысты қылмыстық істің әлі күнге дейін аяқталмағанын айтты. Отбасы келтірілген шығынның толық өтелмегенін айтып, істің созылып кеткеніне алаңдаушылық білдіреді.
25 жастағы Алматы тұрғыны редакция тілшісімен тілдесіп, атасы Батырбай Әбілчановтың ForteBank-тегі депозитінен қаражаттың екі рет жоғалғанын және осы оқиғаға қатысты қылмыстық істің төрт жылдан бері аяқталмай келе жатқанын айтты.
"Бірінші оқиғадан кейін ақша қайтарылып, қызметкер жұмыстан шығарылды. Бірақ арада бір ай өткенде дәл сондай екінші жағдай болды. Қылмыстық іс материалдары бойынша атамның депозитінен 2,8 миллион теңге ұрланған. Оның 800 мың теңгесі ғана қайтарылды, қалған қаражат төрт жылдан бері өтелген жоқ", – дейді жәбірленушінің немересі.
Оның айтуынша, 74 жастағы атасы ForteBank-тің клиенті болғанына он жылдан асқан. Барлық банк операцияларын бір қызметкер арқылы жүргізіп, қаржы ұйымына толық сенім артқан. Алайда болған оқиғалардан кейін банк жүйесіне деген сенімі жоғалған.
"Атам 74 жасында денсаулығына көңіл бөліп, тыныш өмір сүруі керек еді. Бірақ соңғы төрт жыл бойы өзіне тиесілі ақшасын қайтарып алу үшін күресуге мәжбүр. Мұның бәрі жасы келген адам үшін өте ауыр сынақ", – дейді немересі.
Жәбірленушінің немересінің айтуынша, оқиға кезінде өзі шетелде болған. Қазақстанға оралғаннан кейін барлық құжаттарды жинап, істі өзі қолға алған. Осы уақыт ішінде отбасы бірнеше рет құқық қорғау органдарына және банкке жүгінгенімен, мәселе әлі күнге дейін толық шешілмеген.
"Біз бастапқыда мәселені сотқа жеткізбей шешеміз деп ойладық. Бұрынғы қызметкердің ата-анасы келтірілген шығынды толық өтейтіндерін айтып, бізді сендірді. Бастапқыда бізбен байланыста болған, кейін мүлде үзілді. Сондықтан заң аясында өз құқығымызды қорғауды жалғастырып келеміз", – дейді ол.
Батырбай Әбілчановтың немересі редакциямызға қылмыстық іс материалдарын, ресми құжаттарды және бейнежазбаларды ұсынуға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, отбасының мақсаты біреуді қаралау емес, істің заң аясында соңына дейін жеткізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуы керек.
"Алғашқы оқиға кезінде ForteBank филиалының директоры Т. атаммен сөйлесіп, мұндай жағдайдың қайталанбайтынына сендірді. Сондай-ақ Қарасай аудандық полиция департаментінде туысы бар екенін айтып, өзімді қауіпсіз сезінуге негіз берді. Осыдан кейін біз полицияға арыз жаздық. Алайда директордың жеке кепілдігіне сеніп, атам депозитін банкте қалдырғаннан кейін арада бір ай өтпей дәл сондай жағдай тағы қайталанды. Осы оқиғалардың уақыт жағынан бір-біріне тым жақын болуы мен мән-жайлары оның кездейсоқ емес, алдын ала жоспарланған болуы мүмкін деген күдігімді күшейтеді. Сондықтан істің жан-жақты әрі әділ тергелуін сұраймын", – дейді зейнеткердің немересі.
Жәбірленушінің немересінің айтуынша, соңғы жылдары егде жастағы адамдарға қатысты қаржылық алаяқтық фактілері жиілеп кеткен. Оның пікірінше, мұндай жағдайлар тек материалдық шығынға емес, адамдардың денсаулығы мен психологиялық жағдайына да кері әсер етеді.
“Айыпталушы кінәсін мойындаған”
Немересі жіберген бейнежазбада жәбірленушінің депозитінен ақша жымқырды деп күдікке ілінген бұрынғы банк қызметкері Құдайберді Мирас өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтып, кінәсін мойындайды. Оның сөзінше, оқиға екі рет қайталанған.
"Мен, есімім Құдайберді Мирас. Маған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мойындаймын. ForteBank-тегі депозиттен ақша ұрланды. Бұл оқиға 2022 жылы болды, 2023 жылы арыз жазылды. Екі рет қайталанды. Бірінші рет болғаннан кейін ақшаны қайтару үшін шамамен 2 миллион 300 мың теңге көлемінде несие алдым. Бірақ бір айдан кейін ақшаны тағы да шешіп алдым. Істі мойындаймын. Иә, жауапкершілікті өз мойныма аламын", – дейді ол бейнежазбада.
ForteBank не дейді?
Өз кезегінде ForteBank аталған жағдай бойынша бұған дейін де ресми түсініктеме бергенін мәлімдеді. Банк өкілдерінің айтуынша, алғашқы оқиға ішкі тексеру барысында расталып, тиісті шаралар қабылданған.
"Алғашқы оқиға жедел түрде тергелді. Фактілер расталғаннан кейін қызметкер өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды пайызымен бірге толық өтеді және бірден жұмыстан шығарылды. Банк өз клиенті алдындағы міндеттемелерін толық көлемде орындады", – деп мәлімдеді ForteBank.
Банк мәліметінше, екінші жағдай бұрынғы қызметкер жұмыстан кеткеннен кейін болған. Сондықтан бұл іс құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады.
"Қайталанған оқиға аталған қызметкер жұмыстан шығарылғаннан кейін орын алды және қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының құзыретінде қаралып жатыр. ForteBank қолданыстағы заңнама аясында тергеуге қажетті қолдау көрсетіп келеді. Клиенттердің қаражаты мен жеке деректерінің қауіпсіздігі – банк үшін сөзсіз басымдық. Осыған байланысты қорғаныс шаралары тұрақты түрде жетілдіріліп, клиенттерге құпия мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеу ұсынылады", – деп хабарлады банк.
Алматылық зейнеткердің ForteBank депозитіндегі ақшасы екі рет ұрланған: Ол ақшасын 4 жылдан бері қайтара алмай жүр