Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 қызметкерге 19 миллион теңге қарыз": Астанада BITANGA мейрамханасының қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Астанадағы BITANGA мейрамханасы өызметкерлер қарыз
Фото: 2gis.kz

Астанадағы BITANGA мейрамханасының бұрынғы қызметкерлері бірнеше ай бойы жалақы ала алмай жүргендерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, 30 қызметкер алдындағы берешек көлемі 19 миллион теңгеге жеткен. Қызметкерлер еңбекақысыз қалғанын, қарызға батып, қаржылық қиындыққа тап болғанын айтады. Соған қарамастан мейрамхана жабылғаннан кейін көп ұзамай Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығында дәл осы атаумен жаңа филиалдың ашылғанына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads желісін қолданушы көпшіліктен көмек сұрап жағдайын баяндады.  

“Әділдікке де, осындағы адамдардың қолдауына да сенемін. Алаяқтарды жауапқа тартуға көмектесейік! Астана қаласындағы BITANGA украин мейрамханасы өз қызметкерлерін алдап кетті. Мейрамхана бір күнде жабылып, ешқандай ескертусіз жұмысын тоқтатты. Қызметкерлер алдындағы жалақы қарызы – 19 миллион теңге. 30 қызметкер бірнеше ай бойы еңбекақысын ала алмады. Жалақы мамыр айынан бері төленбеген. Ал 23 маусым күні мейрамхана жабылып қалды. Соның салдарынан адамдар ақшасыз ғана емес, қарызға да батып отыр”, – деп жазды ол. 

Бұрынғы қызметкердің айтуынша, ең сорақысы бұл банкротқа ұшыраған мейрамхана 30 маусымда Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығында дәл осы BITANGA атауымен жаңадан ашылған.

“Бұған дейін олар "ақша жоқ, банкрот болдық" деген еді. Сонда әділдік қайда? Біз еңбек инспекциясына ресми түрде арыз жаздық. Ал Алматыдағы BITANGA қалыпты жұмысын жалғастырып жатыр. Келушілері бар, табыс тауып отыр. Бірақ бізбен байланысқа шықпайды. Осы мәселеге қоғамның назарын аударуға көмектесіңіздерші! Олар қызметкерлердің ақшасын бермей, ештеңе болмағандай қалада еркін жүр, шетелге де шығып жатыр. Бұған жол беруге болмайды”, – деп қосты ол. 

Жалақысын ала алмай жүрген қызметкер қазақстандықтардан көмек сұрап, 2GIS пен Instagram-дағы BITANGA парақшасына жаппай жағымсыз пікір қалдыруды сұрады. 

Көпшілік пост астына жылы пікірлер айтып, оған қолдау көрсететінін жеткізді. 

Дегенмен Астана қаласының Есіл аудандық полиция бөлімі зардап шеккен азаматтардан ешқандай арыз-шағым түспегенін жеткізді.

“Сонымен қатар қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа байланысты оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған бастапқы тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданады”, – деп жазды ведомство.

“Алматыда ашылған BITANGA мейрамханасы неге жауапкершілік алмайды?”

Қазақстандықтардың  2GIS пен Instagram-дағы парақшаларындағы жаппай жағымсыз пікірінен соң Алматыдағы Dostyk Plaza-да орналасқан BITANGA мейрамханасының жаңа командасы оқиғаға пікір білдірді

“Қазіргі таңда BITANGA бренді қоғамның қызу талқысына түсіп, әлеуметтік желілерде көптеген сын мен жағымсыз пікірге тап болды. Бұл пікірлердің басым бөлігі желінің бұрынғы филиалдарындағы жағдайға қатысты айтылып жатыр. Алайда көпшілік біздің мейрамхананы сол оқиғалармен байланыстырып жүргенін байқап отырмыз. Мұндай пікірдің не себепті қалыптасқанын түсінеміз. Сондықтан жағдайдың қалай екенін ашық түсіндіруді жөн санадық. Dostyk Plaza-дағы BITANGA мейрамханасының бұл оқиғаларға қатысы жоқ. Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығында жұмыс істеп тұрған BITANGA мейрамханасы бүгінде жаңа меншік иесіне тиесілі және дербес кәсіпорын ретінде қызмет етеді. Неліктен атауы өзгермеді? Иә, брендтің атауы сақталды. Сол себепті көпшілік мұны бұрынғы кәсіппен байланыстырып жүр. Жаңа инвестор жобаға оның алдында қандай қаржылық қиындықтар мен мәселелер болғанын білмей келген. Қазіргі жағдайда брендтің атауын, тұжырымдамасын, мәзірін және интерьерін толық өзгерту өте үлкен қаржылық шығынды талап етеді”, – деп түсіндірді мейрамхана өкілдері. 

Сонымен қатар қазіргі меншік иесі бұл жобаға бір жыл бұрын BITANGA Dostyk Plaza мейрамханасын ашу үшін инвестор ретінде қосылғанын қоса кетті.

“Біздің ұстанымымыз, ең алдымен, қиын жағдайға тап болған барлық адамдарға жанашырлық танытамыз. Бүгінде біздің ұжым да қалыптасқан жағдайдың кесірін көріп отырған тараптың бірі. Жобаға қомақты инвестиция салынды. Алайда соңғы оқиғалардың әсерінен мейрамхана қоғам тарапынан сенімсіздік пен жағымсыз пікірлерге тап болып, бұл бизнеске де, оның беделіне де елеулі зиянын тигізді. Сонымен қатар біздің мейрамханада көптеген қызметкер еңбек етеді. Әрқайсының отбасы, несиесі, өз жауапкершілігі бар. Егер мейрамхана жабылатын болса, олардың жұмыссыз қалу қаупі туындайды”, – деп қосты мейрамхана өкілдері. 

Алматыдағы BITANGA мейрамханасы Астанадағы филиалдың басшысы болған Ермек Смайыловтың әрекетін сынап, қолдамайтынын жеткізді. Айтуларынша, болған жағдайға жауапкершілік сол Смайыловтың өзіне ғана тиесілі.  

“Жаңа салық кодексі: Bitanga мейрамханасы не үшін жұмысын тоқтатты?”

Астанадағы заманауи украин асханасын ұсынған Bitanga мейрамханасы Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан. Оның директоры Ермек Смайылов та жағдайға пікір білдірді. Айтуынша, мұның барлығына кәсіпорынның шығынды жаба алмауы себеп болған. 

“Бизнес ірі көлемде шығынға батып, соның салдарынан салық, жалдау ақысы, азық-түлік сатып алу шығындары мен қызметкерлердің жалақысын уақытында төлеу мүмкін болмады. Бизнесті сақтап қалу үшін соңына дейін күрескенімізбен, ақырында мейрамхана банкротқа ұшырады”, – деді ол. 

Бұған дейін 2025 жылы мейрамхананың Алматы қаласындағы Панфилов көшесінде орналасқан желісі жабылып қалған. Ол кезде бұған сот даулары мен мейрамхана орналасқан үй тұрғындарымен болған келіспеушіліктер себеп болған. 

Мейрамхананың жабылуы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі кәсіпкерлерге қосымша қиындықтар әкелді. ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға өсуі және салық талаптарының өзгеруі көптеген бизнес өкілдерінің шығындарын арттырып, кейбір кәсіпкерлерді жұмыс форматын өзгертуге немесе қызметін тоқтатуға мәжбүр етті.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 208 мыңға жуық жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Оның шамамен 100 мыңы салық заңнамасындағы соңғы өзгерістермен байланысты болуы мүмкін.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 16:08