"Арнайы таңдадым": Димаш Құдайберген Aqerke әнінің бейнебаянына қатысты сынға жауап берді

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген жаңа Aqerke бейнебаянына қатысты әлеуметтік желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
31 шілдеде жарық көрген туындыны көпшілік жылы қабылдағанымен, кейбір қолданушылар әншіге кәсіби продюсердің қажетін, төл әндерінің аз екенін және классикалық вокалды шамадан тыс қолданатынын жазған.
Осыдан кейін Димаш Instagram парақшасында видеоүндеу жариялап, бұл жазбаны ешкімге өзін дәлелдеу үшін емес, шығармашылығын отандастарына түсіндіру мақсатында түсіргенін айтты.
“Мен бұл видеоны бірдеңені дәлелдеу үшін емес, шығармашылығымды жерлестеріме түсіндіру үшін жазып отырмын. Әркімнің өз талғамы бар. Мен әр адамның пікірін құрметтеймін”, – деді ол.
Әншінің айтуынша, Aqerke халық әнінің жаңа нұсқасы қазақ мәдениетін шетелдік тыңдарманға жақындату үшін заманауи өңдеумен арнайы дайындалған.
“Жаңа шыққан Aqerke бейнебаянының астындағы пікірлерді мұқият оқыдым. Қолдауларыңызға да, шын көңілден айтқан сындарыңызға да рақмет. Бұл жұмыс мен үшін ерекше. Мен заманауи музыкалық бағыттардың элементтері тоғысқан үлгіні әдейі таңдадым. Халық әнін өзгертуді мақсат етпедім. Оны әр елдегі тыңдарманыма жақын әрі түсінікті болатындай жаңа қырынан жеткізгім келді”, – деді Димаш.
Ол жаңа аранжировка арқылы қазақтың ұлттық музыкасын әлемдік аудиторияға таныстыруды көздегенін айтты.
Сонымен қатар әнші репертуарының аз екені туралы пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзінше, он жылдық шығармашылық жолында ол классикадан бастап поп, рок, этно және рэпке дейін түрлі жанрда өнер көрсеткен.
“Репертуарымда негізінен авторлық немесе өзім продюсерлік еткен әндер бар. Кейбірі халықаралық чарттарға еніп, шетелдік тыңдарманның ықыласына бөленді. Мен үшін ең үлкен марапат – әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың қазақ тіліндегі әндерді бірге айтуы”, – деді өнерпаз.
Димаш Азия, Еуропа және Америка көрермендерін қазақтың дәстүрлі әрі заманауи музыкасымен таныстыруды өзінің басты мақсаттарының бірі санайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол бір күндік хит жасауға емес, әр шығарманы жан-тәнімен орындап, сапалы дүние ұсынуға ұмтылатынын айтты.
Видеоүндеу соңында әнші тыңдармандарына тағы бір жаңалығын жеткізді. Оның айтуынша, келесі туындысы түрік тілінде орындалады. Әзірге әннің атауы мен жарыққа шығатын күні жарияланған жоқ.
"30 қызметкерге 19 миллион теңге қарыз": Астанада BITANGA мейрамханасының қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүр
Оқыңыз