Қатардағы оператордан зауыт директорына дейін: "Маревен Фуд Тянь-Шань" басшысы мансабы мен басқару стилі жайлы

Сырым Құрманов көпшіліктің назарында жүргенді ұнататындардың қатарынан емес. Алайда дәл осындай мамандар өндірістің алға жылжуына үлес қосады. Оның "Маревен Фуд Тянь-Шань" компаниясындағы еңбек жолы – жай ғана сәттілік емес, кәсіби біліктілік пен үздіксіз дамуға деген ұмтылыстың нәтижесі. Үш жылдың ішінде ол оператор қызметінен фабрика директорына дейін көтерілді. Stan.kz тілшісі Сырым Құрмановпен сұхбаттасып, оның жетістікке жету жолын білді.

Оператордан директорға дейін – үш жыл
Сырым Құрманов бізді өз кабинетінде жылы қарсы алды. Алып өндіріс орнының ішіндегі шағын кабинет бүкіл фабриканың жүрегі іспетті екені бірден байқалады. Өз жұмысы туралы әңгімелей отырып, ол еңбек жолының қалай басталғанын еске алды.
"Мен "Маревен Фуд Тянь-Шань" компаниясына 2022 жылы, сусын құюдың жаңа желісі іске қосылған кезде өндірістік желі операторы болып келдім. Бұл менің көптен бергі арманым еді. Өндірістегі еңбек жолымды ең төменгі сатыдан бастап, барлық технологиялық және өндірістік процесті меңгеріп, компания ішінде өскім келді", – дейді ол.

Сырым Құрманов фабрика директоры қызметіне бір жарым жыл бұрын тағайындалған.
“Үш жылдың ішінде оператордан директорға дейінгі жолдан өттім. Қазір өткенге көз жүгіртсем, бұған менің жаңа дүниені үйренуге деген қызығушылығым мен компания берген мүмкіндіктер себеп болғанын түсінемін. Ал алға жылжуға көмектесетін басты қасиет – үнемі білім алуға дайын болу және өзіңнің қалыпты міндеттеріңнің аясынан шыға білу”, – дейді Сырым Құрманов.

Кейде бәрін тастап кеткім келген сәттер болды
Оның айтуынша, жоғары қызметке жеткеннің өзінде түрлі қиындықтарды бастан өткерген. Кей кездері бәрін тастап кеткісі келгенін де жасырмайды. Бірақ компания басшылығының қолдауы мен ұжымның сенімі оған алға ұмтылуға күш берген.
“Фабрика директоры қызметіне келгеніме үш ай болғанда көрсетіп жатқан нәтижелерім көңілімнен шықпайтын сияқты көрінді. Компаниядағы қаржы айналымының көлемі де, өндірістің ауқымы да өте үлкен, әрбір қателіктің құны жоғары екенін түсіндім. Сондықтан осы ойымды басшылыққа айттым. Ол мені қолдап, сенім білдірді. Сол қолдау маған әрі қарай жұмыс істеуге күш берді. Шынын айтсам, сол қолдау әлі күнге дейін шабыттандырады”, – дейді ол.

Менің басқару стилім – тәжірибемді бөлісу
Фабрика директорының айтуынша, бір жарым жылдың ішінде көп нәрсе өзгерген. Бірақ ең қиын міндет – мықты команда қалыптастыру болған.
“Біздің басты мақсатымыз – тұтынушының сұранысына құлақ асатын, оның қажеттілігін орындайтын және нарыққа сапалы өнім ұсынатын компания болу. Қызметке келгеннен кейін мықты команда жасақтай алғанымды мақтан тұтамын. Директор болғаныма бір жарым жыл өтті. Команда әлі де қалыптасып жатыр. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдағанда ең алдымен әділдік пен адалдыққа мән беремін. Барлығы шындықты айтып, мәселені жасырмаса, өндіріс процесін жақсарта аламыз деп сенемін. Менің басқару стилім – тәжірибені бөлісу. Мысалы, өндіріс алаңына барып, жұмыстың қалай дұрыс орындалуы керегін өзім көрсетемін. Иә, мен талапшыл адаммын. Тәртіп болмаса, нәтиже де болмайды. Сондықтан басшы ретінде өте талапшыл бола аламын", – дейді ол.

Фабрика директоры өндірісті одан әрі жетілдіру үшін кейде қиын шешімдер қабылдауға тура келетінін айтады.
“Меніңше, ең қиыны – кадрлық шешімдер қабылдау. Кейде мұндай шешім қызметкермен қоштасуға алып келеді. Бірақ оның нәтижесі жұмыс көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Әрине, жұмыстан шығарылатын адамның отбасы бар екенін түсінемін. Дегенмен қызметкердің жұмысынан оң нәтиже көрмесек, сондай шешім қабылдауға мәжбүр боламыз. Біздің өндірісте өсуге ниетті әр қызметкердің басшы болуға мүмкіндігі бар. Қазір өндірістегі басшылардың 95%-ы оператор немесе қаптаушы болып бастаған", – дейді фабрика директоры.

Әділдік қағидасы бала кезден қалыптасқан
Сырым Құрмановтың әкесі әскери қызметкер, ал анасы үй шаруасында болған. Оның айтуынша, жұмыстағы басты қағидасы – әділдік. Бұл қасиетті анасынан үйренген.
“Ата-анам қарапайым адамдар. Әкем әскери қызметкер, анам үй шаруасында болды. Сондықтан тәрбиемізге негізінен анам жауапты еді. Ол кішкентайымыздан әділдік пен адалдыққа тәрбиеледі. Сол кезде бойымызға сіңген қасиеттер бүгінде менің жұмысымның негізіне айналды. Мен үшін басшы мен қызметкер арасындағы қарым-қатынастағы ең маңызды нәрсе – шындықты ашық айту және әділдік. Өйткені мәселені жасырып қоймай, оны уақытында анықтап, бірге шешкенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады”, – дейді директор.

"Маревен Фуд Тянь-Шань" фабрикасы тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан Сырым Құрманов өндірістегі жағдайдан хабардар болу үшін үнемі байланыста жүру керегін айтады.
“Түнде хабарласқаны үшін ешқашан ренжімеймін. Өйткені бәріміздің мақсатымыз – сапалы өнім шығару. Мен фабрика директоры болсам да, болашақта мені ұстаз әрі тәлімгер ретінде еске алғанын қалаймын. “Мұны бізге Сырым үйреткен" деп айтса, сол мен үшін ең үлкен жетістік”, – деп түйіндеді Сырым Құрманов.
Алматылық зейнеткердің ForteBank депозитіндегі ақшасы екі рет ұрланған: Ол ақшасын 4 жылдан бері қайтара алмай жүр