Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлішердің дастарханының төріне шығара алмаймын": Алтынай Жорабаева экс-күйеуінің тойға неге келмегенін айтты

Алтынай Жорабаева, Сәбит Әбдіхалықов
Фото: Instagram.com/altynaizhorabayeva / sabit_abdykalykov

Танымал әнші Алтынай Жорабаева бұрынғы жұбайы Сәбит Әбдіхалықовтың қызының тойына неге шақырылмағанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әншінің айтуынша, бастапқыда қыздары әкелерімен араласып, жағдайын сұрап тұрған. Алайда уақыт өте байланыс сиреген.

“Алғашында қыздар үйіне барып, жағдайын сұрап жүрді. Бірақ ол кісі өзі де іздемесе, қыздардың қайта-қайта бара беруі дұрыс емес деп ойлаймын. Балаларым бұл шешімге өздері келді. Мен оларға “былай істе, былай тұр” деп нұсқау бермеймін”, – деді ол.

Алтынай Жорабаева қазіргі жолдасы Әлішердің қыздарына әкелік мейірім көрсеткенін де атап өтті.

“Қыздар бір жылға жетпей-ақ “сізді папа деп айтсақ бола ма?” деп сұрады. Тіпті “әке мейірімін сізден көріп отырмыз” деді. Бұл – олардың өз шешімі”, – деді әнші.

Сондай-ақ ол тойға Сәбит Әбдіхалықовтың неге келмегеніне қатысты пікір білдірді.

“Бәрін Әлішер өзі ұйымдастырып, қыздарды қанатының астына алып отырғанда, Сәбит биологиялық әкесі екен деп оны Әлішер жайған дастарханның төріне шығара алмаймын. Мен үшін Әлішердің сезімі маңызды”, – деді ол.

Әнші егер бұрынғы жұбайы қыздарымен тұрақты араласып, жағдайын жасап тұрғанда, олардың кездесуіне кедергі келтірмейтінін айтты.

“Керісінше, қыздарыма “әкелеріңе ренжімеңдер, бақыт тілеңдер, қазіргі жарының жанында бақытты болсын” деп айтып отырамын”, – деді Алтынай Жорабаева.

Еске салайық, бұған дейін Алтынай Жорабаева әлеуметтік желіде қызының құдалығынан кейін құдаларынан келген тарту-таралғыны көпшілікке көрсетті. Кадрларда қазақы дәстүрге сай жасалған сый-сияпаттар мен ақ тілектер бейнеленген. Видеода құдалардың әншінің қызына 15 миллион теңге көлемінде қалыңмал табыстағанын көруге болады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 17:42