Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан жолдарында әскери техника жүреді: Қорғаныс министрлігі үндеу жасады

Танкілер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда “Батыл тойтарыс – 2026” стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық басталды. Осыған байланысты тамыз-қыркүйек айларында ел аумағында қару-жарақ, әскери техника және жеке құрам оқу-жаттығу өтетін аймақтарға кезең-кезеңімен жеткізіледі. Сол себепті Қорғаныс министрлігі халықты үрейленбеуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерлер теміржол эшелондары, жалпыға ортақ автожолдармен жүретін әскери көлік колонналары, сондай-ақ майдандық және армиялық авиация арқылы тасымалданады.

Оқу-жаттығу еліміздің барлық өңіріндегі полигонды қамтиды. Оның негізгі мақсаты – Қарулы күштердің қазіргі жағдайдағы жауынгерлік міндеттерді орындауға қаншалықты дайын екенін бағалау.

Жаттығу барысында әскерлерді қолдану, құрлықта, әуеде, теңізде және киберкеңістікте өзара үйлесімді әрекет ету мәселелері пысықталады.

Сондай-ақ әскери басқару органдарының, Қарулы күштер түрлері мен тектерінің және арнайы әскерлердің бірлескен іс-қимылын жетілдіруге басымдық беріледі.

Осыған байланысты азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен сабыр сақтап, тек ресми ақпарат көздеріне сүйену сұралды.

Сондай-ақ ведомство тексерілмеген немесе жалған ақпарат тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. 

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 18:05