Қазақстанда бірнеше банк депозиттер бойынша мөлшерлемелерді тағы да төмендетті

Қазақстанда бірнеше банк депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді тағы да төмендетті. Бұл турал Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Маусым айында Қазақстанда бірден 10 банк өз депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендету туралы шешім қабылдаған еді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, шілде айында да бұл үрдіс жалғасқан, алайда банктер саны біршама аз.
Шілде айында екінші деңгейлі банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін мынадай тәртіппен қайта қарады:
- екі банк толықтыру мүмкіндігі бар және толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақтар бойынша мөлшерлемелерді төмендетті;
- бір банк өзгермелі мөлшерлемесі бар депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетті;
- бір банк мерзімсіз депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін көтерді.
Шілде айында мерзімсіз депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері 12,6%-дан 16,9%-ға дейін өзгерген. Мұндай жинақтары еліміздегі 18 банктен ашуға болады. Орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,2%-ды құрап, маусым айымен салыстырғанда 0,1%-дық тармаққа жоғары болды. Бұл өсім бір банктің мөлшерлемені 15,35%-ға дейін көтеруімен байланысты.
2026 жылдың шілде айында толықтыру мүмкіндігі бар жинақ депозиттерін 12 банкте ашуға болады. Бұл депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері екі жылдық салымдар үшін 5%-дан бастап, үш айлық салымдар үшін 20,5%-ға дейін жетеді.
Бір ай ішінде бір банк алты айлық депозит бойынша мөлшерлемені 18,5%-ға дейін, тағы бір банк 17,8%-ға дейін төмендетті. Нәтижесінде нарықтағы орташа жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,8%-ды құрады.
Толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттері бойынша да ұқсас жағдай қалыптасты. Мұндай депозиттерді еліміздегі 14 банкте ашуға болады. Сыйақы мөлшерлемелері екі жылдық салымдар үшін 6,3%-дан бастап, алты айлық салымдар үшін 20,5%-ға дейін өзгереді.
Шілде айында бір банк үш айлық депозит бойынша мөлшерлемені 17,92%-ға, ал алты айлық депозит бойынша 17,23%-ға дейін төмендетті. Тағы бір банк дәл осындай депозиттер бойынша мөлшерлемелерді тиісінше 18% және 18,5%-ға дейін азайтты. Соның нәтижесінде орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,3%-ды құрады.
Толықтыру мүмкіндігі жоқ мерзімді депозиттерді тек бір банктен ғана ашуға болады. Шілде айында бұл банк алдыңғы аймен салыстырғанда өнім бойынша сыйақы мөлшерлемелеріне аздаған түзету енгізді, алайда жалпы алғанда елеулі өзгерістер болған жоқ. Мөлшерлемелер 12,2%-дан 18,01%-ға дейін өзгеріп отыр.
Ал толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттерді 8 банктен ашуға болады. Шілде айында мұндай депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері 24 айлық салымдар үшін 5%-дан бастап, 3 айлық салымдар үшін 20%-ға дейін жетті. Орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,23%-ды құрады.
Ал Қазақстанда өзгермелі сыйақы мөлшерлемесі бар депозиттерді екі банк ұсынады. Мұндай депозиттердің мөлшерлемесі елдегі экономикалық жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.
Шілде айында банктердің бірі депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесін 14,8%-ға дейін төмендетті. Ал екінші банкте мөлшерлеме өзгеріссіз қалып, 15,9% деңгейінде сақталды.
Еске салсақ, 2026 жылдың шілде айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендеткен еді.
Алматылық зейнеткердің ForteBank депозитіндегі ақшасы екі рет ұрланған: Ол ақшасын 4 жылдан бері қайтара алмай жүр
Оқыңыз