Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында сарбазды соққыға жыққан сержантқа үкім шықты

сарбаз
Фото: elements.envato.com

Ақтөбе гарнизонының әскери соты мерзімді әскери қызметкерді соққыға жыққан сержантқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот мәліметінше, мерзімді әскери қызметкерлерге жауапты болған айыпталушы сарбазды ұрып-соғып, оның денсаулығына орташа ауырлықтағы жарақат салған.

Сот барысында әскери қызметкер өз кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Алайда азаматтық талап бойынша жәбірленушінің соттағы өкілінің қызметіне кеткен шығындарын өтеуге ішінара келісім берді.

Айыпталушының кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, жәбірленуші, куәлар мен сарапшының айғақтарымен дәлелденді.

Сот сержантты кінәлі деп танып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол жәбірленушіге 700 мың теңге моральдық өтемақы және 900 мың теңге сот шығындарын төлеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы полигонда сарбаздың қаза тапқаны туралы жазған едік. 12 наурыз күні Атырау гарнизонындағы әскери бөлімшеде далалық жаттығулар кезінде сарбаз көз жұмды.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаз оқ жарақатын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға қаруды ұстау ережелерін бұзу салдарынан болған.

Сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізілгенімен, оны құтқару мүмкін болмады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айым Атамбаева
Жұма, 10 Шілде, 2026 14:52