Қазақстандықтар жаппай ірі қалаларға көшіп жатыр
Соңғы жылдары Астана, Алматы, Шымкент және Алматы облысына қоныс аударушылардың саны артып жатыр. Мысалы, соңғы екі жарым жылда елордаға 190 мыңнан астам адам қоныс аударған. Ал Алматы тұрғындарының саны 85 мыңға жуық адамға артқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкентте халық саны 31 мыңға, ал Алматы облысында 21 мыңға жуық адамға көбейген. Халық саны өсімінің себебі – ішкі миграция себеп болып отыр. Социолог Құралай Мұхамбетованың айтуынша, ішкі миграция – табиғи әрі сөзсіз жүретін процесс. Себебі адамдардың ірі қалаларды таңдауына өзіндік себептері бар.
"Адамдарды ірі қалаларға тартатын негізгі себептердің қатарында демалыс пен бос уақытты тиімді өткізу, денсаулық сақтау мен медициналық қызметтің қолжетімділігі, білім алу және тағы басқа жағдайлар бар. Ұлытау, Атырау және Түркістан облыстарынан ірі қалаларға қарай қоныс аударушылардың үлесі жоғары. Бұл өңірлерде жұмыс орындарының жеткіліксіз екенін немесе еңбекке қабілетті адамдардың өз өңірінде жұмыс таба алмай жүргенін байқауға болады", – дейді социолог Құралай Мұхамбетова.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың ең көп көшіп кетуі Түркістан облысында тіркелген. Бұл өңірден 94 мыңнан астам адам кеткен. Одан кейінгі орындарда Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Абай және Батыс Қазақстан облыстары тұр.
Елдің барлық дерлік өңірінен тұрғындар ірі орталықтарға қоныс аударып жатыр. Сонымен қатар ауылдардан қалаларға көшу де жалғасуда.
“Ішкі миграцияда айтарлықтай алшақтық болса, бұл адамдардың ол жерден кетіп жатқанын білдіреді. Онда экономика жоқ, экономикалық белсенділік төмен, табыс табу мүмкіндігі аз. Яғни адамдар табысы бар жерлерге көшіп жатыр. Қаражаты аз өңірлер табысынан және адами капиталынан айырыла береді”, – дейді экономист Ануар Нұртазин.
Ал сыртқы миграцияға келсек, соңғы екі жарым жылда Қазақстаннан шетелге 22 мың адам кеткен. Алайда елге келгендердің саны одан үш есе көп. Қазақстанға негізінен Өзбекстан, Ресей және Қытайдан азаматтар көшіп келген.
Сарапшылар елдегі миграциялық процестерді табиғи құбылыс деп бағалайды. Өйткені әр адам өзі тұратын жерді таңдауға құқылы. Алайда өңірлердің адами капитал тұрғысынан әлсіреу қаупі бар. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде қарастырып, облыстарға адамдарды тартудың жолдарын қарастыру маңызды.
