Қазақстандық пауэрлифтингші Гүзәл Ергешева Англияда қайтыс болды
Қазақстандық спортшы, пауэрлифтер Гүзәл Ергешева 8 тамызда Англияда көз жұмды. Ол соңғы жылдары жұбайымен бірге сонда тұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Суыт хабарды оның жақын құрбысы, тележүргізуші Адель Оразалинова жеткізді. Оның айтуынша, екеуі 30 жылға жуық уақыт бойы дос болған.
“Біздің достығымызға 30 жылға жуықтады. Бойы ұзын және кішкентай екі қыздың ерекше достығы еді”, – деді ол.
Адель Оразалинованың сөзінше, Гүзәл Ергешева түнде ұйықтап жатқан кезде аяқ астынан қайтыс болған. Бір күн бұрын ол жұбайының туыстарымен уақыт өткізіп, кейін құрбысымен кездескен. Сол кезде күнінің жақсы өткенін айтып, алдағы жоспарын бөліскен.
“Ол сүйіспеншілікке бөленіп, өзін жақсы көретін жандардың ортасында өмірден өтті. Өмірде өз орнын тапқан, жарқын, жоспары көп әрі айналасына мейірімін төге білген жан еді”, – деп жазды Адель Оразалинова.
Қазір марқұмның туыстары оның денесін Қазақстанға жеткізіп, жерлеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесімен айналысып жатыр. Адель Оразалинова әлеуметтік желі арқылы Ұлыбританиядан Қазақстанға марқұмның денесін жеткізу тәртібі жөнінде ақпарат сұрап, Қазақстан консулдығы өкілдерімен байланысуға көмектесуді өтінген.

Айта кетейік, Гүзәл Ергешева пауэрлифтингтен халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаған спортшы. Ол 2017 жылы Канадада өткен бойы аласа адамдар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді.