Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар Күннің бұрын-соңды болмаған дәлдікпен түсірілген суреттерін жариялады

Күн
Фото: NSF/NSO/AURA/MPS

Ғалымдар әлемдегі ең қуатты күн телескопының көмегімен Күн бетін бұрын-соңды болмаған айқындықпен түсірді. Жаңа суреттер мен видеоларда Күн плазмасындағы иірімдер анық көрінеді. Мұндай құбылыстардың бар екені ғылымға бұрыннан белгілі болғанымен, оларды осы уақытқа дейін дәл осындай егжей-тегжейлі бақылау мүмкін болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Күндегі плазма қозғалысы оның магнит өрісіне әсер етеді. Соның салдарынан айналмалы иірімдер пайда болады. Ғалымдар мұндай қозғалыстар Күндегі қуатты энергия жарылыстарының туындауына себеп болатын негізгі құбылыстардың бірі болуы мүмкін деп есептейді.

Күндегі мұндай белсенділік Жерге де әсер етеді. Ғарыштық ауа райы деп аталатын бұл құбылыстар электр желілерінің жұмысына кедергі келтіріп, спутниктерге зақым келтіруі, тіпті ғарышкерлерге қауіп төндіруі мүмкін.

АҚШ Ұлттық күн обсерваториясының маманы Дэвид Боболтздың айтуынша, Күн – ғарыштық ауа райын қалыптастыратын негізгі энергия көзі.

Оның сөзінше, жаңа суреттер мен бақылаулар ғалымдарға ғарыштық ауа райын жақсырақ түсінуге және оның ықтимал салдарына алдын ала дайындалуға көмектеседі.

“Ғарыштық ауа райын түсіну және болашақта оны болжау үшін Күндегі физикалық үдерістерді ең ұсақ деңгейіне дейін зерттеуіміз керек”, – дейді ол.

Зерттеу нәтижелері мен жаңа суреттер Nature ғылыми журналында жарияланған.

Күн
Фото: NASA/SDO

Кадрлар Дэниел К. Иноуэ атындағы күн телескопының көмегімен түсірілген. Бұл – әлемдегі ең ірі және ең қуатты күн телескоптарының бірі. Ол Гавай аралдарындағы биік таудың басында орналасқан. Бұл жердің таңдалуына ауаның тазалығы, аспанның ашық болуы және шаң-тозаңның аздығы себеп болған.

Жаңа бақылаулар кезінде ғалымдар Күн бетіндегі плазманың бұралып, иірімге айналуын анық түсіре алған.

Иноуэ телексопы
Фото: NSF NATIONAL SOLAR OBSERVATORY

АҚШ Ұлттық күн обсерваториясының астрономы Давид Куридзенің айтуынша, мұндай айналмалы қозғалыстар магниттік энергияның жиналуына әкеледі. Кейін бұл энергия сыртқа шығып, ірі Күн жарылыстарына ұласуы мүмкін.

Ғалымдар бақылаған құбылыс Кельвин–Гельмгольц тұрақсыздығы деп аталады. Ол газ немесе сұйықтық қабаттары бір-бірімен әртүрлі жылдамдықта қозғалған кезде пайда болады. Күн жағдайында бұл үдеріс плазмада, яғни иондалған газда жүреді.

Осының нәтижесінде ортада толқын тәрізді қозғалыс пайда болып, ол біртіндеп иірімге айналады. Дәл осындай физикалық құбылыс Жердегі мұхит толқындарының пайда болуына да әсер етеді.

Обсерватория маманы Фридрих Вёгердің айтуынша, Күн бетіндегі осы құбылысты зерттеу ғарыштық ауа райының қалай қалыптасатынын түсінуге ғана емес, Күн бетінің неліктен соншалық ыстық екенін анықтауға да көмектеседі.

Ғалымдар бұл үдеріс арқылы энергияның Күннің төменгі қабаттарынан жоғары қарай қалай таралатынын көре алады.

Егер жоғарғы қабаттарда жеткілікті мөлшерде энергия жиналса, ол Күн жарқылы немесе короналық масса лақтырымы түрінде сыртқа шығуы мүмкін.

Мұндай құбылыстар кезінде Күн кеңістікке аса көп мөлшерде плазма мен магнит өрісін шығарады. Олар Жерге жеткен жағдайда байланыс жүйелеріне, спутниктерге және электр желілеріне әсер етуі ықтимал.

Күн
Фото: NASA/SDO

Дэвид Боболтздың айтуынша, зерттеудің практикалық маңызы да зор. Күндегі үдерістерді тереңірек түсіну адамдарға ғарыштық ауа райының ықтимал әсерін алдын ала бағалауға және одан қорғану жолдарын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ол Күннің ғылым үшін бірегей табиғи зертхана екенін атап өтті.

Күн – Жерге ең жақын жұлдыз. Оны зерттеу арқылы ғалымдар ғарыштық ауа райын ғана емес, физиканың негізгі заңдарын да тереңірек түсіне алады.

Мысалы, Альберт Эйнштейннің жалпы салыстырмалылық теориясының алғашқы тәжірибелік дәлелдерінің бірі Күн тұтылуын бақылау кезінде алынған.

Ғалымдар осындай зерттеулердің басты мәні – адамзаттың табиғат туралы білімін тереңдету және Күнде болып жатқан күрделі үдерістерді барынша нақты түсіну деп есептейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 11:10