"Ауылбайдың әдеті": Үлкен Алматы өзенінде кілем жуған ер адам көптің ашуына тиді
Әлеуметтік желіде Үлкен Алматвы өзенінің жағасында кілем жуған ер адамның видеосы тарады. Видео авторының айтуынша, кілемнен аққан кір су қайтадан өзенге ағып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан ер адамның су жағасында кілем жуып жатқанын көруге болады. Автор кір судың қайтадан өзенге ағып жатқанын айтты.
“Өтініш авторы құзырлы органдардан осы деректі тексеріп, табиғатты қорғау заңнамасының бұзылғаны расталған жағдайда, оған құқықтық баға беруді сұрады”, – делінген жазбада.
Желі қолданушылар қала ортасында кілем жуған азаматты жерден алып, жерге салды.
“Ауылбайдың әдеті, алматылықтар олай істемейді”, “Мынау не сұмдық?! Кілем жуу қымбат тұрмайды ғой”, “Айыппұл салсын, бұл не бетімен кеткендік?”, – деп жазды желідегілер.
Алайда енді біреулер Үлкен Алматының жағасында тұрғындар бұрыннан кілем жуатынын, онда тұрған ештеңе жоғын айтты.
“Алматыда туып-өстім, осында тұрамын. Мұнда өзеннің жағасында осылай үнемі кілем жуып келген. Қала тұрғыны ретінде бұл мен үшін қалыпты жағдай”, “Өмір бойы сонда кілем жуып келеді. Ешкім өлген жоқ”, “Ол жерде 90-жылдары жергілікті тұрғындар да, жеке секторда тұратындар да кілем жуатын”, “Шамамен 30 жыл бұрын, Алматыдағы Весновка өзенінің маңындағы кейбір тұрғындар да, Үлкен Алматыда да кілем жуатын”, – дейді желі қолданушылары.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы желіде тараған жазбаға қатысты пікір білдіріп, ер адаммен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.
“Жеке тұлғамен бірге су нысанына жақын жерде кілем жуу фактісі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Оған Алматы қаласы аумағын абаттандыру қағидаларын, сондай-ақ жалпы су пайдалану қағидаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар Басқарма бұл фактіге қатысты құзыреті шегінде қарау және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Алматы полиция департаментіне тиісті хат жолдайды”, – делінген жауапта.
Сондай-ақ басқарма табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтау және су нысандарына ұқыпты қарау әрбір азаматтың міндеті екенін ескенртті. Бұл қоршаған ортаның қолайлы жағдайын сақтауға ықпал ететінін атап өтті.