Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жігітті күштеп көлікке отырғызып алып кеткен: Полиция мән-жайды түсіндірді

күдікті
Фото: Видеодан скрин

Атырау қаласының орталығында жігітті белгісіз адамдар күштеп көлікке отырғызып әкеткен. Мұны көрген тұрғындар полиция шақырған. Ал құқық қорғау оргына өкілдері 19 жастағы азаматтың ұрлық жасады деп күдікке ілінгенін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

8 тамыз күні кешкі сағат 20:40 шамасында Атыраудың орталық алаңында ер адам жігітті күштеп көлікке отырғызбақ болған. Сол сәтте жігіт айғайлап, айналасына адамдар жиналған. Кейбір тұрғындар болған жағдайды телефонға видеоға түсіре бастаған.

Куәгерлердің айтуынша, әлгі ер адам өзін жедел уәкіл деп таныстырып, жігіттің қандай да бір іс бойынша куәгер екенін айтқан. Осыдан кейін тұрғындар арасында “Егер ол куәгер болса, неге оны көлікке күштеп отырғызу керек?” деген сұрақ туындаған. Оқиға орнына полиция шақырылған.

Кейін Атырау облысының полиция департаменті мән-жайды түсіндірді. Куәгерлер 16-18 жаста деп болжаған жігіттің шын мәнінде 19 жаста екені анықталды. Оған қоса ол бөлімшеге куәгер емес, күдікке ілінген адам ретінде жеткізілгені белгілі болды. 

“Видеода полиция қызметкерлерінің ұрлық жасады деп күдікке ілінген 19 жастағы азаматты полиция бөліміне жеткізгені көрінеді. Күдіктіні жеткізу кезінде тұрғындар полиция қызметкерлерінің әрекетіне кедергі келтірген. Оқиғаның барлық мән-жайы тексерілген соң оған құқықтық баға беріледі”, — делінген хабарламада. 

Полиция әлеуметтік желі қолданушыларынан шындыққа жанаспайтын ақпаратты таратпауды және тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұрады. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде жүргізушіге ескерту жасаған ер адамды көлікке күштеп салып әкеткені туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 10:34