Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 жастағы америкалық әлемдегі ең жас профессор атанды – 306 жылдық рекордты жаңартты

ең жас профессор
Фото: Видеодан скрин

Америкалық Нейтан Томас Гиннестің рекордтар кітабына тарихтағы ең жас ер профессор ретінде енді. Ол 18 жасында Майами-Дейд колледжінде сабақ бере бастаған. Осылайша, 306 жыл бойы сақталып келген рекордты жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі lifehacker.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

2023 жылдың тамыз айында Томас алғаш рет "Инженерлерге арналған C" курсының аудиториясының табалдырығын аттады. Ондағы студенттердің көпшілігі онымен жасты еді. Алайда бұл оның бағдарламалау және есептеу техникасы бойынша сабақ беруіне кедергі болмады. 

“Мұндағылардың барлығы бір себеппен жиналды – білім алу үшін. Шын мәнінде, жасаса маңызды емес. Мен тек өз жұмысымды жақсы атқаруға және студенттерге қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын”, – дейді оқытушы Нейтан Томас.

Томас 10 жасында-ақ қосарлы білім беру бағдарламасы бойынша Майами-Дейд колледжіне оқуға түсіп, 14 жасында Флорида халықаралық университетіне ауысты. 18 жасқа келгенде ол электротехника мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін үздік дипломмен алып үлгерді. 

Бұл жетістік оған алдыңғы рекордсмен – шотландиялық математик Колин Маклореннің рекордын жаңартуға мүмкіндік берді. Маклорен XVIII ғасырдың өзінде 19 жасында профессор атанған еді. Сонымен қатар Томас 2008 жылы әйел профессорлар арасындағы рекордты орнатқан америкалық Алия Сабурдан да 16 күнге кіші болып шықты.

Томастың нақты ғылымдарға деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Оның ата-анасы да инженер. Оның айтуынша, анасы күрделі дүниелерді қарапайым тілмен түсіндіре білген. Сондықтан ұстаздық ету оған ерекше ләззат сыйлайды.

“Маған ең ұнайтыны – студенттің көз алдында бір нәрсені түсініп, мәнісін ұққан сәті. Сабақ беру өзіңді материалды әлдеқайда тереңірек түсінуге мәжбүрлейді. Сондықтан түптеп келгенде, мен де студенттерімнен кем емес деңгейде үйренемін”, – дейді әлемдегі ең жас профессор.

Қазір Томас онлайн курстар жүргізіп, сонымен қатар Майами университетінің Құқық мектебінде заңгерлік білім алып жатыр. Ол оқуын 2028 жылы аяқтап, зияткерлік меншік құқығы саласында, әсіресе технологиялар мен инженерияға қатысты бағытта жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Рекордсмен адамдарға өзін өзгелермен салыстырмауға және өз қарқынымен алға жылжуға кеңес береді. Оның пікірінше, табандылық танытып, еңбектене берсең, уақыт өте келе міндетті түрде нәтижеге қол жеткізуге болады.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 20:39