Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдік арықтататын Қытай лагерінде төрт апта жүріп, 51 келі салмақ тастады

Арықтататын лагерь
Фото: André Helgesen

Швециялық Андре Хельгесен Қытайдағы арықтататын лагерьдегі азапты күн тәртібі туралы айтып берді. Ол төрт аптаның ішінде 51 келі салмақ тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mirror басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Хельгесен Қытайға бармас бұрын да арықтауға тырысқан. Ал қытайлық лагерде ол осы нәтижені сақтап, одан әрі салмақ тастамақ болған. Бағдарламаға қарқынды жаттығулар, медициналық тексерулер, дұрыс тамақтану бойынша кеңестер және психологиялық қолдау кіреді.

Лагерьге келген әр адамға жеке жаттықтырушы бекітілген.

“Жаттықтырушылар кейде өздері де қатысушылармен бірге жаттығу жасайды. Олар қиналса, біз де қиналамыз", – дейді Хельгесен.

Бұл оның артық салмақ тастауына мотивация берген.

Хельгесен лагерьде күн сайын үш рет жаттығу жасап, шамамен 1300 калория тұтынған. Оның айтуынша, жаңа тамақтану тәртібіндегі ең қиыны – ашығу. Қатысушылар сағат 17:00-де соңғы рет тамақтанып, келесі тамақты тек таңғы 8:00-де ішкен.

Ер адам осы аралықта кейде шыдамай, алма жеп қойғанын мойындады.

Нәтижесінде Хельгесен 51 келі салмақ тастаған. Оның айтуынша, лагерьдегі арықтау үй жағдайында салмақ тастаудан айтарлықтай ерекшеленбейді, үйде де, лагерьде де негізгі кедергі бір. Ол нәтиженің толықтай өзіңе байланысты екенін айтты.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 18:35