Түркістан облысында әлемдік деңгейдегі аквапарк салынып жатыр
Түркістан қаласындағы "Turan" арнайы экономикалық аймағында әлемдік стандарттарға сай "Turan" аквапарк – су саябағының құрылысы жүірп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауқымды жобаны іске асыру үшін “Cultural Tourism Investments Co. Ltd." компаниясы 13,4 миллиард теңге инвестиция салды. Су саябағының жалпы аумағы – 11,7 гектар.
Туристік-сауықтыру кешені үш кезеңмен жүзеге асырылады. Биыл наурыз айында басталған құрылыстың алғашқы кезеңін тамыз айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Бұл кезеңде:
- Келушілерді қабылдау және тіркеу ғимараты;
- Киім ауыстыру орындары;
- Су аттракциондары;
- Шомылу аймағы;
- Айналмалы аквапарк іске қосылады.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, І кезеңнің құрылысы аяқталуға жақын.
“Ал келесі кезеңдерде отбасылық демалыс аймақтары, қонақ үй, мейрамхана, әлемдік стандарттарға сай су аттракциондары, алып толқын бассейндері салынбақ. Жоба толық іске қосылғанда кешен жылына 200 мыңға дейін келуші қабылдап, жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр”, – деп мәлімдеді әкімдіктегілер.


Атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Ауқымды жоба Түркістанды халықаралық туризм орталығы ретінде дамытуға тың серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жағдай жасамақ.