Қазақстанда бір мектептің түлектерінің 100%-ы грантқа түсті
Астанадағы №9 "Зерде" мектебінің биылғы 65 түлегінің барлығы жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім грантына ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, 42 түлек нәтижелері кеше жарияланған мемлекеттік білім гранттарының иегері атанды.
“Тағы 9 түлек Назарбаев Университетіне оқуға түсті, ал 14 түлек әлемнің ТОП-50 үздік жоғары оқу орнының қатарына кіретін шетелдік университеттерде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды”, – деп жазды Астана қаласының әкімдігі.
Осылайша, мектеп түлектерінің 100 пайызы грантқа түсті.

Мектеп ұжымының айтуынша, бұл жоғары нәтиже – оқушылардың жүйелі дайындығы мен ұстаздардың кәсіби еңбегінің нәтижесі.
Бұған дейін "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры білім алуға арналған қосымша 350 грант бөлгені туралы жазған едік.