Алматыда әлемге танымал суретшінің муралын бояп тастады
Алматыдағы тұрғын үйдің қасбетін жөндеу кезінде тұрғындар ондағы танымал муралды таппай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Назарбаев даңғылы, 245 мекенжайындағы, әл-Фараби даңғылына жақын орналасқан үйдің қасбетінде алматылықтардың сүйікті муралы бейнелеген еді. Қала тұрғындары оның қасбет бетінен жоғалып кеткенін әлеуметтік желіден білген.
“Арт-нысан жақында ғана қала билігінің өтініші бойынша қалпына келтірілген”, – дейді жоба авторларының бірі.
Алматылықтар пікірлерінде муралдың жоғалып кеткене наразылық білдірді. Көпшіліктің айтуынша, мурал қаладағы ең әдемі туындылардың бірі болған.
Жазбаға қатысты Бостандық ауданының әкімдігі жауап берді. Әкімдік мәліметінше, үйдің қасбетін жөндеуге "LEANQOR" ЖШС жауапты. Қасбетте жарықтар пайда болып, сылақ қабырғадан ажырап, басқа да ақаулар анықталған. Сол себепті оларды жою үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болған. Қазір жұмыстар бекітілген жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр.
“Негізгі мақсат – ғимаратты қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, қасбеттің жағдайын қалпына келтіру және оның сыртқы көрінісін Алматының дизайн-код талаптарына сәйкестендіру”, – деп мәлімдеді аудан әкімдігі.
Ал адамдардың наразылығына қатысты, жұмыстар басталғанға дейін үй тұрғындарымен жиналыстар өткізілгенін атап өтті.

“Жұмыстарды жүргізуге олардың келісімін білдіретін жиналыс хаттамасы жасалған. Қасбет элементтері құлап кетуі мүмкін болғандықтан тұрғындар мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген. Бұдан бөлек, бұл ақаулар ғимараттың сәулеттік келбетіне және қалалық ортаның эстетикалық көрінісіне кері әсер еткен”, – делінген жауапта.
Әзірге жаңартылған қасбетке жаңа мурал салына ма, әлде бұрынғы сурет қалпына келтіріле ме, белгісіз.