Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық турагент BTS-тің 100-ге жуық шетелдік жанкүйерін сан соқтырды деп айыпталды

BTS
Фото: Getty Images

Қазақстандық турагент BTS тобының концертіне тур ұйымдастырамын деп, әр елдегі ондаған адамды сан соқтырған. SHOT Telegram-арнасының дерегіне сүйенсек, оның қызметінен шамамен 100 адам зардап шеккен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

SHOT мәліметінше, Индира Әбдікәрімова әлеуметтік желі арқылы Азия елдеріне авторлық турлар ұсынған. Ол BTS тобының 12–13 маусымда Пусанда өткен концертіне арнайы сапар ұйымдастыратынын жарнамалаған. Тур құны 167 мың рубль, яғни шамамен 956 мың теңге болған. Бұл ақшаға екі бағыттағы әуе билеті, қонақүй және концертке кіру билеті кіреді деп уәде етілген.

Ұсынысқа әр елден жүзге жуық адам қызыққан. Олардың арасында Ресей азаматтары да болған.

Бұған дейін де осындай жағдай болған

Зардап шеккендердің сөзінше, бұл туристік агентке қатысты алғашқы шағым емес.

Бұған дейін ол BLACKPINK тобының концертіне де осындай турлар сатқан деген ақпарат бар. Туристер Гонконгқа жеткеннен кейін ғана қонақүйге орын брондалмағанын, концерт билеттерінің жарамсыз екенін және қайтуға арналған әуе билеттерінде де мәселе барын білген.

Олардың айтуынша, турагент бастапқыда жағдайды реттеп, ақшаны қайтаруға уәде берген. Алайда кейін кейбір адамдармен байланысын үзген.

BTS концертіне алынған жолдамадан бас тартып, ақшасын қайтарғысы келгендердің де осындай жағдайға тап болған. Кейбір клиент әлеуметтік желіде бұғатталғанын мәлімдеген.

Шығын көлемі 20 миллион теңгеге жуықтауы мүмкін

SHOT дерегіне сәйкес, клиенттердің жалпы шығыны 3,5 млн рубльден асуы мүмкін. Бұл шамамен 20 миллион теңгеге жуық.

Соның ішінде Ресей азаматтарына келген шығын 2 млн рубльден астам деп көрсетілген.

Сонымен бірге кейбір клиенттің ақшасы қайтарылған. Дереккөздің мәліметінше, олардың арасында жергілікті блогерлер де бар.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 12:05