Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"18 жылға жуық күттім": Қазақстандық жетім қызға отбасының табысына байланысты баспана беруден бас тартылды

Үй алғысы келген Марина
Фото: Видеодан скрин

Тұрғын үй кезегінде 18 жылға жуық тұрған 27 жастағы павлодарлық Марина Харчукке екі бөлмелі пәтер бөлінгені туралы хабарлама келген. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Тұрғын үйді алу туралы өтінішін растағаннан кейін жүйе отбасының табысына байланысты бас тарту туралы шешім шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Маринаның айтуынша, ол ата-анасынан ерте айырылған, яғни тұл жетім, және 2008 жылдан бері әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұр.

6 тамызда оған 1414 нөмірінен ауданы 81 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер бөлінгені туралы SMS келген.

Павлодарлық тұрғын тұрғын үйді алуға келісімін растап, түгендеу рәсімінен де өткен. Алайда "Жалғастыру" батырмасын басқаннан кейін жүйе отбасы табысының белгіленген талаптарға сәйкес келмейтініне байланысты бас тартылғанын көрсеткен.

Қазір Марина тұрмыста, отбасында кішкентай қызы бар. Олардың жеке баспанасы жоқ, сондықтан пәтер жалдап тұрады. Маринаның айлық табысы шамамен 300 мың теңге, жұбайының да табысы осы шамада.

Қыздың айтуынша, "Отбасы банкінде" оған үш адамнан тұратын отбасының жалпы табысы белгіленген шектен, яғни шамамен 350 мың теңгеден асып кеткенін түсіндірген.

"Тұрақты әрі ресми табыс неге баспана алуға кедергі болуы керек? Біз пәтер жалдау ақысын, балабақшаны, тамақ, киім-кешек, тұрмыстық шығындар мен несие бойынша міндеттемелерімізді төлейміз", – деп сұрақ қояды Марина.

Енді павлодарлық Марина биліктен алдымен оған пәтер бөлінгені туралы хабарланып, кейін не себепті бас тартылғанын түсіндіруді сұрап отыр. Сондай-ақ ол жетім балалар санаты үшін табыстың қандай нормалар негізінде есептелгенін және қабылданған шешімді қайта қарауға бола ма деген сұраққа жауап алғысы келеді.

Сонымен қатар Марина осыдан кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалдамалы тұрғын үйбағдарламасына қатысуға бола ма деп сұрайды.

"Мен үшін бұл пәтер жай ғана шаршы метр емес, 18 жылға жуық күткен үмітімнің нәтижесі", – деп жазды Марина Павлодар қаласының әкімдігіне түсініктеме сұрап жолдаған өтінішінде.

Әкімдік не дейді?

Павлодар қаласының әкімдігі тұрғын үй кезегіне қатысты өзгерістерді түсіндірді.

Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап азаматтардың қолданыстағы тұрғын үй кезегі "Отбасы банк" АҚ-ға берілген. Өзгеріс тұрғын үйді есепке қою, кезекке тіркеу және бөлу функцияларының жергілікті атқарушы органнан "Отбасы банкке" берілуіне байланысты енгізілген.

"Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 22 қарашадағы №138-VIII Заңына сәйкес, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап азаматтардың қолданыстағы кезегі “Отбасы банк” АҚ-ға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үйді бөлу және оны беру туралы шешім қабылдау orken.otbasybank.kz автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №187 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидалары басшылыққа алынады", — деп хабарлады Павлодар қаласының әкімдігі.

Әкімдіктің хабарлауынша, тұрғын үйді бөлу және кезек мәселелері бойынша азаматтар Павлодар қаласы, Абай көшесі, 75 мекенжайындағы "Отбасы банк" АҚ бөлімшесіне жүгінуі қажет.

Сонымен қатар Маринаның жағдайына қатысты "Отбасы банкінен" қосымша ақпарат сұратылған. Әкімдік нақты жауап қосымша берілетінін мәлімдеді.

"Отбасы банк" пәтер неге берілмегенін айтты

"Отбасы банк" павлодарлық Марина Харчуктың жазбасына пікір білдіріп, арендалық тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін отбасы табысына қойылатын талаптарды түсіндірді.

"Иә, мұндай жағдай болуы мүмкін, себебі белгіленген табыс деңгейіне сәйкес келу — арендалық тұрғын үй бағдарламасына қатысу талаптарының бірі", — деп жауап берді банк өкілдері.

Банк мәліметінше, қазіргі таңда бір күнкөріс минимумы — 50 851 теңге. Отбасы мүшелерінің санына қарай рұқсат етілетін табыс мөлшері өзгереді.

Бір адамнан тұратын отбасы үшін табыс 5,5 күнкөріс минимумынан, яғни шамамен 279 мың теңгеден аспауы керек. Екі адамнан тұратын отбасында әр адамға 3,5 күнкөріс минимумы – шамамен 178 мың теңге, ал отбасының жалпы табысы 356 мың теңгеден аспауы тиіс. Үш және одан да көп адамнан тұратын отбасыларда бір адамға шаққандағы шек – 2 күнкөріс минимумы, яғни шамамен 101,7 мың теңге.

Табыс соңғы алты ай бойынша есептеледі. Осы кезеңдегі жиынтық табыс алтыға бөлінеді. Алынған орташа айлық сома отбасы үшін белгіленген шектен аспауы қажет екен.

"Келесі тұрғын үй бөлу кезеңіне қатысып көруге болады. Мүмкін, ағымдағы есептік кезеңде табысты анықтау кезінде демалыс ақысы немесе заңнамада көзделген басқа да төлемдер сияқты қосымша төлемдер есепке алынған болуы мүмкін. Сондай-ақ отбасы құрамына кіретін басқа жұмыс істейтін мүшелердің табысы да ескеріледі", – деп түсіндірді банк.

Егер отбасының тұрақты жиынтық табысы белгіленген шектен жоғары болса, банк "5-10-20" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 11:56