Қазақстандық әйел Бангкоктан Балиге чемоданындағы есірткімен ұшып барған: Әйел оған өз отандасын кінәлады
Индонезияның Бали аралында 25 жастағы Қазақстан азаматы есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Құқық қорғау органдары оның жеке жүгінен салмағы 1,079 келі болатын күмәнді есірткі тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат ақпарат агенттігі Thebalitimes.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бали провинциясының Ұлттық есірткіге қарсы күрес агенттігі (BNNP Bali) мәліметінше, Қазақстан азаматының аты-жөні VM деген инициалдармен ғана жарияланған. Ол 4 тамызда Бангкоктан Денпасарға келген рейсті тексеру кезінде ұсталды.
Тергеу дерегіне сәйкес, күмәнді зат киімдер мен аксессуарлардың арасында тұрған чемодандағы пластик контейнердің ішіне жасырылған.
VM тергеушілерге шабаданды өзіне Қазақстаннан келген басқа бір қазақстандық әйел бергенін айтқан. Оның сөзінше, Балиге барған соң шабаданды бейтаныс адамға тапсыруы керек болыпты.
Алайда тергеу барысында әйел көрсеткен делдалдың Индонезиядан 2020 жылы шығып кеткені анықталған. Қазір оның Қазақстандағы байланыстары мен есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар тексеріліп жатыр.
Қазақстан азаматы күдікті ретінде қамауға алынып, Бали BNNP кеңсесінде ұсталып отыр. Оған Индонезияның 2009 жылғы №35 "Есірткі заттары туралы" заңының 111-бабы 1-тармағы бойынша айып тағылған.
Осы бап бойынша 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әзірге тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Таиландтан Қазақстанға бөгде адамның шабаданын ақшалай сыйақы үшін алып өтпек болған 22 жастағы қазақстандық бойжеткен ұсталған еді. Оның жүгінен жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы табылып, Алматы қаласының соты оны есірткі контрабандасы мен аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
