Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау енгізіледі

Қазақстанда 2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірыңғай таңбалау операторы жобасының жетекшісі Ерлан Қарабаевтың айтуынша, цифрлық таңбалау – ЕАЭО елдерінің ортақ саясатының бір бөлігі, оның негізгі мақсаты – тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз ету. Жүйе аясында әрбір тауарға бірегей цифрлық Data Matrix коды қойылады.
“Нарық қатысушылары міндетті таңбалау жүйесін пилоттық жобалар аясында сынақтан өткізіп үлгерді. Осыдан кейін қоғамдық талқылаулар өтті, сондай-ақ реттеушілік әсерге талдау жүргізілді. Нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды”, – деді Ерлан Қарабаев.
ОқыңызЕрлан Қарабаевтың айтуынша, бірінші кезең 2026 жылдың 1 желтоқсанында басталады. Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурызда басталса, ал қорытынды, үшінші кезең 2027 жылғы 1 қазанға жоспарланған (11 код).
Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін "Нақты Өнім" тегін мобильді қосымшасы әзірленген. Оның көмегімен кез келген сатып алушы дүкенде кодты сканерлеп, тауар туралы толық ақпаратты бірден ала алады.
"Бұзушылықтар анықталған жағдайда пайдаланушы өтінішті тікелей қосымша арқылы қалдыра алады, ол реттеуші орган тарапынан қаралады. Осылайша, таңбалау тек бақылау құралы ғана емес, әрбір тұтынушының құқықтарын қорғаудың нақты механизмі болып табылады", – дейді Ерлан Қарабаев.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді тауарлардың түпнұсқалығын eGov Mobile қосымшасы арқылы тексеруге болатыны туралы жазған едік.