Қазақстанда шекарадағы жүкті оңай анықтайтын жүйе іске қосылмақ

Елімізде шекарадан өтетін жүк туралы мәліметті оңай анықтайтын Smart Cargo жүйесі іске қосылмақ. Мұны көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында Көлік министрі көлік-логистика саласына жасанды интеллект қалай енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса жаңа жүйенің қандай қызмет атқаратынын түсіндірді.
“Smart Cargo – мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін біріктіретін цифрлық платформа. Жүк туралы барлық мәліметтер QR-код арқылы қолжетімді. Жасанды интеллект құжаттарды автоматты түрде тексереді. Маршруттарды құрып, қозғалысты бақылайды және қажетті рұқсаттарды анықтайды. Нәтижесінде шекарадан өту уақыты 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады”, – деді министр.
Көлік министрі цифрландыру теміржол секторына да әсер етіп жатқанын айтты. Сөзінше, бұл салада да 10-ға жуық жоба жүзеге асырылып жатыр.
“Оның негізгісі – KinetiX диагностикалау жүйесі. Бұрын диагностика қолмен жүргізіліп, 2 сағатқа дейін уақыт алатын және адам факторына тәуелді еді. Қазір жүйе вагондарды 9 негізгі параметр бойынша автоматты түрде, нақты уақыт режимінде тексереді. Нәтижесінде диагностика 8 минутқа дейін қысқарды. Жүйе интеллектуалды бейнеаналитика арқылы вагондардың дефектерді автоматты түрде анықтайды, алдын ала болжайды, деректерді жинайды, нақты уақыт режимінде есеп береді”, – дейді министр.
Оның сөзінше, бұл жүйе қауіпсіздікті және пойыз қозғалысының жылдамдығын арттырады.
Министр автомобиль көлігі саласына да тоқталды. Айтуынша, бұл салада жүк тасымалын интеллектуалды бақылау жүйесі енгізіліп жатыр.
“Жасанды интеллект көлік маршруттарын анықтайды, салмақ өлшеу стансаларымен деректерді салыстырады. Оған қоса бұзушылықтарды анықтап, автоматты түрде сигнал береді. Бұл салмақ бақылаудан айналып өту жағдайларын жояды және жолдардың тозуын азайтады”, – деді министр.
Оған қоса министр бірыңғай интеллектуалды көлік жүйесі е-Көлік қалыптасып жатқанын айтты.
“Платформа QazTech базасында құрылады және барлық көлік түрін біріктіреді. Бұл деректерді жинауға, өңдеуге, көлік ағындарын болжауға және шешімдерді автоматты түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Әлемдік бағалау бойынша көлік саласы деректердің ең ірі генераторларының бірі. Осыған байланысты жасанды интеллекті оларды өңдеудің негізгі құралына айналады. Е-Көлік саланы алдын ала басқаруға мүмкіндік береді”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Теміржол күзетіне көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа арнайы техника берілгені туралы жазған едік.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды