Батыс Қазақстанда той үстінде үстел сынып қалған: Әйел шеберді сотқа берді

Батыс Қазақстанда керамограниттен жасалған қымбат үстел қонақасы кезінде сынып, тұтынушыны шығынға батырды. Сапасыз жұмысқа шағымданған әйел сот арқылы өз қаражатын толық қайтарып, моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2025 жылдың қараша айында жергілікті тұрғын шағымданған. Ол жеке шеберге керамограниттен үстел жасатуға тапсырыс беріп, жұмыс үшін 170 000 теңге, ал материалдарға 137 155 теңге төлеген.
2025 жылғы 21 мамырда дайын бұйым тапсырыс берушіге жеткізілген. Алайда қабылдау кезінде-ақ үстелдің сапасына қатысты елеулі кемшіліктер анықталған. Үстел тұрақсыз болып, үстіңгі тақтайы майысып тұрған. Тұтынушы бұл туралы бірден шеберге хабарлап, ақауларды жоюды талап етеді.
Шебер қосымша тіреу орнатып, үстелді қайта әкеліп, мәселе шешілді деп сендірген. Дегенмен кемшіліктер толық жойылмаған.
Арада екі ай өткен соң, үйде өткен қонақасы кезінде үстел салмаққа шыдамай, ортасынан қақ айырылып кеткен. Соның салдарынан ыдыс-аяқ сынып, тағамдар бүлініп, жиын бұзылған.
Оқиғадан кейін тұтынушы шеберге қайта жүгінгенімен, ол жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде беріп, міндеттемесін орындамаған. Осыған байланысты әйел Департаментке жүгініп, оған сотқа дейінгі талап-арыз бен сотқа өтініш дайындауда көмек көрсетілген. Іс сотта онлайн форматта қаралып, мемлекеттік орган үшінші тұлға ретінде қатысқан.
2026 жылғы 14 сәуірдегі сот шешімімен талап толық көлемде қанағаттандырылды. Шеберден 170 000 теңге (жұмыс ақысы), 137 155 теңге (материал құны) және 15 000 теңге моральдық зиян үшін өндірілді.
Департамент азаматтарға қызмет көрсетушіні таңдауда мұқият болуды ескертеді. Тапсырыс бермес бұрын шебердің тәжірибесін, клиенттердің пікірін және жұмыс сапасын алдын ала зерделеу ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін көлігіне ағаш құлап кеткен қазақстандық әйел әкімдікті сотта жеңіп шықты. Қостанайда тұрғын көлігіне құлаған ағаш үшін қалалық әкімдіктен 2 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп алды. Апелляциялық сот жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты мекеме өз міндетін орындамағанын анықтап, бірінші сатыдағы сот шешімін жойды.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды
Оқыңыз