Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ер адам қызды лифтіде соққыға жыққан: Күдікті ұсталды (видео)

лифтідегі ұрып-соғу
Фото: Видеодан скрин

Желіде Алматыдағы "Ақкент" ықшамауданында болған оқиғаның видеосы тарады. Онда ер адам қызға қол көтеріп, кейін бөтеннің мүлкін бүлдіріп, лифт түймесін теуіп, агрессиясын ашық көрсеткен. Stan.kz оқиғаның мән-жайын полиция департаментінен сұрап көрді.

Әлеуметтік желіде тараған видеодағы кадрларда ер адам әуелі лифт шақыру батырмасын теуіп, артынан жанында тұрған қызды ұрып жібереді. Журналист әзілдеп оның бұл қылығын шаршаумен байланыстырғанымен, оқырмандар мұндай ақтауға үзілді-кесілді қарсы шықты.

Сондай-ақ Козачков жәбірленуші қыз арызынан бас тартқан деген болжам жасаған. Бастапқыда, тіпті, істің қылмыстық жазаға ұласпауы ықтимал екенін де алға тартқан.

Оқиғаның анығын білу үшін редакция Алматы қалалық Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. 

Ведомство мәліметінше, 26 жастағы ер адам ұсталып, Алатау ауданында денсаулыққа қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Аталған факті бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекетіне Қылмыстық заңнамасы аясында жан-жақты құқықтық баға берілетін болады. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды", – деп жауап берді полиция департаменті.

Полиция өкілдері кез келген зорлық-зомбылық, әсіресе әйелдерге қатысты әрекеттер мүлде жол берілмейтінін атап өтті.

"Мұндай құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылады. Алматы полициясы азаматтарды бейжай қалмауға және құқықбұзушылық фактілері бойынша дереу хабарлауға шақырады", – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60 мың теңге айыппұл салынған. Полиция мұндай әрекеттердің, әсіресе әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың, қатаң жазаланатынын және жазаның бұлтартпай қолданылатынын қадап айтты.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 12:29