Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тағдырым Бибігүл Төлегеноваға ұқсаған – Әнші Ақбота Керімбекова

Ақбота Керімбекова мен Бибігүл Төлегенова
Фото: Іnstagram.com/botakerim / UGC

Танымал әнші Ақбота Керімбекова “Өмір өрнегі” бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі мен өнер жолына қатысты ойын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, өмірде әр адамның өз сынағы болады.

“Бір кем дүние деген бар. Алла бәрін үйіп-төгіп бере берсе, не боламыз? Оның әр пендесіне беретін баланс ретіне, осы тәубесіне келсін, шүкіршілігін ұмытпасын деген сияқты сынақ береді деп ойлаймын. Біреуді баламен, күйеумен, әйелмен сынайды”, – деді ол.

Әнші жеке өмірінде еш өкініші жоқ екенін жеткізді. Оның сөзінше, анасы оған үнемі өнерін тастамауды, жеке өмірінің көпшілікке маңызды емес екенін айтып отырған.

Сондай-ақ ол Бибігүл Төлегенованың сұхбатын көргеннен кейін өз тағдырының аңыз әншінің өмір жолына ұқсас екенін аңғарғанын айтты. 

“Кез келген ата-ана қызының сәтті тұрмысқа шығып, ұлының жақсы келін алғанын қалайды. Дегенмен де үш баламның жарығы шығар, ешнәрсеге өкінбеймін. Бибігүл Төлегенованың сұхбатын көріп, “Мәссаған, менің тағдырым осы кісінің тағдырына ұқсаған екен ғой” деп ойладым. Дәлме дәл. Оның басынан өткен дүниенің бәрі менің де маңдайыма жазылған екен. Бибігүл анамыз тарихта қалатын аңыз кісі ғой, егер біз де аңызда қалатын болсақ, менің жеке өмірім кімге керек”, – деді ол.

Айта кетейік, Ақбота Керімбекова үш баланың анасы. Әнші бұған дейін үш рет тұрмыс құрған, алайда некелері сәтсіз аяқталғаны туралы өзі де сұхбаттарында айтқан.

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 12:15