Алматы облысында қызды шығарып салуға барған 17 жастағы жасөспірімді жабылып өлтіріп кеткен

Алматы облысында 17 жастағы Жангелді Мұраттың өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Туыстарының айтуынша, жасөспірімге төрт адам шабуыл жасағанымен, сот алдында бір ғана күдікті отыр. Марқұмның жақындары істің толық әрі әділ тергелуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысында резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр. Қаза тапқан Жангелді Мұраттың туыстары әділдік талап етеді. Жыл басында 17 жастағы жасөспірім төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, көз жұмған. Жақындарының айтуынша, Жангелдіге төрт адам шабуыл жасаған. Алайда қазірге дейін бір ғана күдікті ұсталған.
Қайғыдан қан жұтқан анасының айтуынша, 1 қаңтар күні Жангелді Мұрат үйінен қызды шығарып салу үшін шыққан. Жолда оны үш жігіт тоқтатып, не себепті олардың "қарындасымен" араласатынын сұраған. Марқұмның туыстары бұл адамдардың қызға ешқандай туыстық қатысы болмағанын айтады.
"Ұлым қыздың өтінішімен келгенін, ешқандай жаман ойы жоқ екенін түсіндіруге тырысты. Бірақ олар бәрібір жанжалға итермеледі. Бір сәтте жасөспірімдерді ажыратуға күдіктінің анасы араласты. Айтуынша, Жангелді абайсызда әйелді қолымен қағып кеткен. Осыдан кейін оның ұлы – 9-сынып оқушысы Жангелдіні бірнеше рет пышақтап, ауыр жарақат салған. Жарақаттары өте терең болды", – деді марқұмның анасы Жанар Талқанбаева.
Ауыр жараланған жасөспірімді оқиғаға қатысқандар ауруханаға жеткізбек болғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Марқұмның туыстары Жангелдіге кемінде төрт адам шабуыл жасағанын алға тартады. Соған қарамастан, сот алдында бір кәмелетке толмаған күдікті ғана жауап беріп отыр. Қалғандары әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмаған.
Қаза болған жасөспірімнің отбасы бұл жай ғана кездейсоқ төбелес емес, топтық шабуыл болғанына сенімді. Олар істің толық әрі әділ тергелуін талап етеді. Ал Алматы облыстық сотының мәліметінше, күдікті кәмелетке толмағандықтан, негізгі сот процесі жабық режимде өтеді.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін 12 сәуір күні Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде қайғылы оқиға тіркелді. 20 жастағы Анвар Мұсаев пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Марқұмның туыстары оның үстіне бір топ адамның жабылғанын, қасақана шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, оқиғаға ондаған куәгер болғанымен, қазірге дейін тек бір адам қамауға алынған, ал қалғандары бостандықта жүр.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды