Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір түнде 10 000-15 000 теңге": Атырауда интимді қызметті автокөлік бөлшектері жарнамасы ретінде жасырып сатқан

Жеңгетайлық интимді қызмет
Фото: depositphotos.com

Атырауда бір жылға жуық уақыт бойы интимдік қызмет көрсетумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық желі жұмыс істеп келген. Оған Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен және Өзбекстаннан келген әйелдер тартылған. Іс бойынша шамамен 20 адам күдікке ілініп, айналым көлемі ондаған миллион теңгеге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “АқЖайыққа” сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау қаласының №2 сотында бұл қылмыстық іс бірнеше ай бойы қаралып, ашық форматта өтті. Айыпталушылар қатарында ұйымдастырушы, сауна әкімшілері, делдалдар мен жүргізушілер болған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, негізгі тұлға – 36 жастағы әйел. Ол 2024 жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін тұрақты схема құрған. Яғни, әйелдерді тартып, жарнама орналастырып, тапсырыстар қабылдау мен табысты бөлуді ұйымдастырып отырған.

Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Өзбекстаннан келген әйелдердің кейбірі бұл салада тәжірибелі болып шыққан. Клиенттерді табу үшін сайттар, мессенджерлер және "Трансфер" деген жазуы бар, автокөлік бөлшектері жарнамасы ретінде жасырылған визиткалар пайдаланылған.

“Сайттардың бірінде "Аделя" деген бүркеншік атпен жарияланған анкета қызмет құнын 35 000-нан 50 000 теңгеге дейін деп көрсеткен. Жүйенің негізгі орталығы сауналар болған. Олардың әкімшілері тапсырыстарды қабылдап, ұйымдастырушымен WhatsApp арқылы байланысып, әйелдерді нақты кабиналарға бағыттап отырған. Қызмет көрсетілгеннен кейін ақша қатысушылар арасында, оның ішінде мекеме қызметкерлеріне де бөлінген”, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ жүргізушілері де болған. Олар әйелдерді жеткізіп, тапсырыстың орындалуын және ақшаның қайтарылуын бақылаған. Бір түнде 10 000-15 000 теңге аралығында табыс тапқан. Кейбірі тіпті такси жұмысын тастап, толықтай осы іспен айналысқан.

Олар негізінен Kaspi Gold арқылы есеп айырылысқан, соның ішінде ұйымдастырушының туыстарының шоттарына ақша аударып келген. Оған сенсек, кейбірі миллиондап ақша тапқан. Мысалы, бір фигурант 2 200 000 теңгеден астам табыс тапқан. Жалпы айналым ондаған миллион теңгемен есептелген. Ұйымдастырушы әр тапсырыстан 30 пайызға дейін үлес алып отырған.

Сот барлық қатысушылардың әрекетті әдейі жасағанын және оның заңсыз екенін түсіне тұра тұрақты әрі жоғары табыс үшін жұмысты жалғастырғанын анықтады.

Барлық фигуранттар адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, телекоммуникациялық желілерді, соның ішінде интернетті пайдаланып жасалған жеңгетайлық қылмысы бойынша кінәлі деп танылды.

Ұйымдастырушыға ең қатаң жаза – нақты бас бостандығынан айыру мерзімі тағайындалды. Қалған қатысушылар да өздерінің қылмысқа қатысу деңгейіне қарай нақты мерзімдерге сотталды. Сот бұл істе қылмыстық әрекеттің шамамен бір жылға созылғанын, оған көптеген адамның тартылғанын және тұрақты табыс көзі ретінде құрылған жүйенің орныққанын ерекше атап өтті.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 08:59