Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайлық ер адам мейіргердің кесірінен "өлілер" тізіміне қосылып кеткен

Ер адам өлі деп танылған
Фото: Видеодан скрин

Қостанай тұрғыны Владимир Шремфты марқұм анасының орнына қателесіп "қайтыс болғандар" базасына енгізіп жіберген. Салдарынан ер адам өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Владимир Шремфтың анасы қайтыс болып, оның құжаттарды рәсімдеп жүрген кезде, медицина қызметкері деректерді шатастырып, оны жүйеде "қайтыс болды" деп тіркеп қойған. Соның кесірінен Владимир Шремф іс жүзінде 9 күн бойы “мына өмірде жоқ адамдай” өмір сүрді.

Оны жұмысқа кіргізбеген, жеке құжаттары жарамсыз болып қалған, көлік жүргізе алмаған, банктік шоттары бұғатталған, ЖСН жүйеде болмағандықтан ешбір мемлекеттік қызмет ала алмаған.

9 күннен кейін қате түзетіліп, Владимир адамдар қатарына қосылды. Қазір ол аудандық ауруханадан моральдық және материалдық шығынды өндіріп алмақ.

Аурухана басшылығы кінәні мойындады. 

“Қателік белгілі бола салысымен оны тез арада түзеттік. Өлім туралы дұрыс куәлік қайта берілді. Қателік жіберген қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – деді Әулиекөл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Темірхан Бегісбаев.

Заңгерлердің пікірінше, мұндай жағдайда моральдық және материалдық өтемақы талап етуге болады. Бірақ ол үшін келтірілген зиянды нақты дәлелдеу қажет. Әрбір жағдай жеке қаралады. Сонымен қатар мамандар мұндай қателіктердің алдын алу үшін тек түзетіп қана қоймай, жауапты тұлғаларды міндетті түрде жазалау керек екенін айтады.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 08:15