Тоқаев Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу рәсімін Астанада ұйымдастыруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль президенті Ицхак Герцог екі ел делегациясының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, Ибраһим келісімдері өңірлік тұрақтылыққа, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға берік негіз қалайды.
“Өзіңізге мәлім, Қазақстан бұған дейін қабылдаған шешімін ұстанады. Ибраһим келісімдеріне ресми түрде қосылу рәсімін таяу келешекте Астанада ұйымдастыруға болады деп есептейміз. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін”, – деді мемлекет басшысы.
Ицхак Герцог Қазақстан мен Израиль арасындағы әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
“Президент мырза, Қазақстан толеранттылық пен конфессияаралық диалогтың бірегей үлгісін көрсетіп отыр. Сол үшін Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен тауар айналымын арттыруға мүмкіндік мол екеніне назар аударғым келеді. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдай аламыз”, – деді Ицхак Герцог.
Израиль президенті екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға, сондай-ақ бірлесе күш жұмылдыра отырып серіктестікті жаңа әрі сапалы кезеңге шығаруға келісті.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль президентін қарсы алып, келіссөз жүргізгені туралы жазған едік.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек