Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде пневмонияны тексеруге барған әйелден 6 келілік ісік табылды

үлкен ісік
Фото: Ядролық медицина және онкология орталығы

Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығы дәрігерлері 47 жастағы әйелге күрделі ота жасап, алып ісікті сәтті алып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, ісік диаметрі 31 сантиметрге жетіп, салмағы 6 келіден асқан. Науқас бірнеше жыл бойы ешқандай айқын белгі сезбегендіктен, профилактикалық тексерулерден өтпеген. Тек осы жылдың ақпан айында пневмониямен қаладағы клиникалардың біріне жүгінген кезде, тексеру барысында ірі ісік анықталған. Осыдан кейін ол арнайы орталыққа жіберілген.

Ауруханаға түскен кезде әйел ішінің үлкейгеніне және тәбетінің төмендегеніне шағымданған. Қосымша тексеру барысында дәрігерлер лапароцентез жасап, іш қуысынан шамамен 7 литр сұйықтық алған. Бұл оның жағдайын жеңілдетуге мүмкіндік берген.

Кейін бірнеше сағатқа созылған операция барысында дәрігерлер диаметрі 31 сантиметр, салмағы 6200 грамм болатын ісікті алып тастаған. Қорытынды диагноз сол жақ аналық бездің муцинозды шекаралық ісігі. Бұл ұзақ уақыт бойы белгілерсіз дамуы мүмкін эпителийлік ісік түрі.

Операцияны маммология және гинекология бөлімінің аға ординаторы Әсем Шалдыбаева жүргізді. Оған дәрігер Зәуре Кенжекова ассистент болды. Науқастың қауіпсіздігін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің мамандары, соның ішінде анестезиолог-реаниматолог Бауыржан Никомбаев қамтамасыз етті.

Қазір әйел дәрігерлердің бақылауында. Жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ. Ол оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Дәрігерлер жағдай профилактикалық тексерулердің маңызын тағы бір рет дәлелдейтінін атап өтті. Себебі ешқандай шағым болмағанның өзінде, қауіпті аурулар жасырын түрде дамуы мүмкін. Ерте анықталған жағдайда оларды емдеу әлдеқайда жеңіл болады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 68 жастағы әйелдің денесінен салмағы шамамен 25 келі болатын алып қатерлі ісік алынды. Ол ұзақ уақыт бойы дәрігерге жүгінбей, биологиялық белсенді қоспалармен (БАД) емделуге тырысқан. Жағдайы күрт нашарлаған кезде ғана Алматы онкологиялық орталығы мамандарына жүгініп, тексеру барысында құрсақ қуысы мен жамбас аймағын толық алып жатқан ісік анықталған. Дәрігерлер шұғыл ота жасап, 2,5 сағат ішінде 25 келілік ісікті алып тастады. Қорытындысында науқасқа қатерлі ісік ретроперитонеальды липосаркома диагнозы қойылды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 09:35