Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Forbes-қа шыққан кәсіпкер Мөлдір Суюншали 3,9 миллиард теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Мөлдір Суюншали күдікке ілінді
Фото: Мөлдір Суюншалидің instagram парақшасынан

Forbes-қа шыққан қазақстандық жас кәсіпкер Мөлдір Суюншалиге тергеу жүріп жатыр. Ол таунхаус саламын деп азаматтарды алдап  3,9 миллиард теңге алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Суюншали "Nura Elite" коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан.

“Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу көзделген. Алайда бүгінгі күні таунхаустар толық аяқталмаған (тек қаңқалары ғана тұр), 2023 жылдың 4-тоқсанына дейін аяқтау жөніндегі міндеттемелер орындалмаған. Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған.

Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, тартылған қаражаттың жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде 322 миллион теңге Мөлдір Суюншали, жұбайының және анасының есепшоттарына аударған. Сондай-ақ 145 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған”, – делінген хабарламада. 

Одан бөлек, кәсіпкер бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сатты деген де күдікке ілінуде.

“Жәбірленуші толық төлеген коттедждің бірі күдікті тарапынан жеке міндеттемелері бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Суюншали Мөлдір сатыпалушылармен іс жүзінде жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқан. Алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмаған. Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астана қаласында "Асылхан" тұрғын үй кешенін салуға арналған жертелімін сатып алуға жұмсалған”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, ол Перизат Қайраттың "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы мәлімдеген. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.

Соттың санкциясымен оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Сәуір, 2026 09:20