Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды: Өту баллы мен тест ережелері қандай

ҰБТ өту баллы ережелер
Фото: instagram/bilim_jane_gylym

10 мамырда Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды. Тест 10 шілдеге дейін жалғасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген. Екі мүмкіндік ескерілгенде, барлығы 446 мыңнан астам өтініш қабылданды.

ҰБТ тапсырушылардың 74%-ы тестті қазақ тілінде, шамамен 26%-ы орыс тілінде тапсыруды таңдаған. Ал 851 адам ағылшын тілінде тест тапсырады.

"Өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеудің күні, уақыты және өтетін орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның алғашқы күні еліміз бойынша 926 адам тест тапсырып жатыр, оның ішінде 359 талапкер Астана қаласында. Жалпы ҰБТ 45 тестілеу орталығында ұйымдастырылған", – деді Нұрсейіт Байжанов.

Сұранысқа ие бейіндік пәндер қандай?

Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері талапкерлер арасында ең танымал бейіндік пәндер комбинациясы – "Математика-Физика". Оны оқуға түсушілердің 17,9%-ы таңдаған. Бұл талапкерлердің инженер, мұғалім, энергетик, құрылысшы және басқа да техникалық мамандықтарға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.

"Биология-Химия" пәндерін талапкерлердің 14,5%-ы таңдаған. Бұл комбинацияны көбіне болашақ дәрігерлер таңдайды.

Ал үшінші орында шығармашылық бағытқа қызығатын талапкерлер арасында сұранысқа ие "Шығармашылық емтихан" орналасқан. Оны 12,4% талапкер таңдаған.

ҰБТ форматы

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен таңдауы бойынша екі бейіндік пән тапсырады.

Тест тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде:

  • "Қазақстан тарихы" пәнінен – 20 тапсырма;
  • "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылықтан" – 10 тапсырмадан;
  • Екі бейіндік пәннің әрқайсысынан – 40 тапсырмадан беріледі.

ҰБТ-дағы ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.

ҰБТ-ға қалай дайындалуға болады?

Негізгі ҰБТ-ға дайындық деңгейін арттыру үшін қаңтар және наурыз айларындағы тестілеуден өткен талапкерлерге әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылды. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін түлектер өзіне қиын тақырыптарды анықтап, дайындықтарын жақсарта алады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндік тапсырылғаннан кейін екінші тестілеуге дейін дайындықты күшейтуге уақыт беріледі.

Талапкерлердің дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделуі үшін сынама тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылған.

Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы сайтында:

  • Тапсырмалар дайындалған әдебиеттер тізімі мен тест спецификациясы;
  • Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша 100 тарихи күн;
  • Информатика терминдерінің тізімі;
  • Қазақ және орыс әдебиеті шығармаларының тізімі жарияланған.

Емтихан кезінде талапкер калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесін қолдана алады. Қосымша талапкерлерге бұл кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Апелляцияға қалай береді?

Апелляцияға талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш бере алады. Апелляцияға берген талапкердің сертификаты апелляциялық комиссия шешім қабылдағаннан кейін оның жеке кабинетінде қолжетімді болады. Сондай-ақ талапкердің жеке кабинетінде республикалық апелляциялық комиссия отырысының өту мерзімі туралы ақпарат көрсетіледі.

Апелляцияға берілген өтінішті комиссия отырысы басталғанға дейін жеке кабинет арқылы кері қайтарып алуға болады. Өтініш кері қайтарылған жағдайда бір жұмыс күні ішінде талапкердің жеке кабинетінде сертификат қайта пайда болады.

Минималды өту баллдары қандай?

ҰБТ арқылы оқуға түсу үшін минималды өту баллдары өзгеріссіз қалды:

  • Ұлттық жоғары оқу орындарына – 65 балл;
  • Басқа ЖОО-ларға – 50 балл;
  • "Педагогикалық ғылымдар" бағыты бойынша – 75 балл;
  • "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша – 70 балл;
  • "Құқық" мамандығы бойынша – 75 балл.

Сонымен қатар пәндер бойынша ең төменгі талаптар бар:

  • Қазақстан тарихы және екі бейіндік пән (немесе шығармашылық емтихан) бойынша –  кемінде 5 балл;
  • "Оқу сауаттылығы" және "Математикалық сауаттылық" пәндерінен – кемінде 3 балл жинау қажет.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламалары топтары бойынша өздерінің қосымша өту балдарын белгілей алады.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 19:25