Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ит иелеріне салық салу ұсынылды

Фото: biocontrol.ru

Депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда ит иелеріне салық енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, Еуропаның көптеген елінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Ол жақта ит иелері салық органдарында тіркеліп, арнайы тіркеу нөмірін алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

8 сәуірде мәжілісте жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша заң жобасы қаралды. Талқылау барысында депутат Магеррамов ұлттық экономика және қаржы вице-министрлеріне иттерге салық енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай норма жануар иелерінің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар бұл норма жергілікті бюджеттерді толықтыруға мүмкіндік береді дейді депутат.

Ал депутат Наталья Дементьева да Қазақстанда жануар иелеріне қатысты еуропалық тәжірибені енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, Германияда жануарды тіркемегені және чиптемегені үшін айыппұл 10 мың еуроға дейін жетеді. Ал жануарды тастап кеткені үшін 25 мың еуроға дейін айыппұл салынады. Кей жағдайда қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

“Нидерландта жануардан бас тартқаны үшін 20 мың еуроға дейін айыппұл қарастырылған. Ал заң жүйелі түрде бұзылса қылмыстық жауапкершілік көзделген”, – деді депутат.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл мәселені жұмыс тобында қарап, халықаралық тәжірибені зерттейтінін жеткізді.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов бұған дейін мұндай салық енгізу мәселесі көтерілмегенін, алайда ведомство оны талқылауға дайын екенін жеткізді.

“Қазір үй жануарларын есепке алу ғана қарастырылған. Егер бұл мәселе депутаттар тарапынан жеке қаралса, біз де өз тарапымыздан зерттеуге дайынбыз”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қаңғыбас иттерге ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасалатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 08 Сәуір, 2026 16:11