Қазақстанда қаңғыбас иттер ұсталған соң бес күннен кейін атылады

Мәжілісте жануарларды ұстау мерзімін қайта қарауды ұсынатын заң жобасы талқыланып жатыр. Оның негізінде енді елімізде көшедегі иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназияланатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға енгізілетін түзетулер қаралды. Депутат Еділ Жаңбыршин заң жобасына қатысты қоғамда бұрмаланған пікір қалыптасып жатқанын айтты. Оның айтуынша, барлық ұсталған жануарды міндетті түрде эвтаназияға жіберу туралы түсінік шындыққа жанаспайды.
“Заң жобасы аясында эмоциялық манипуляция жасалып жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер барлық жануарды автоматты түрде жоюды білдіреді деген пікір дұрыс емес”, – деді депутат.
Жаңбыршиннің айтуынша, құжатта ұсталған жануарларды ұстаудың міндетті мерзімдері енгізіледі.
“Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн. Ал мәслихаттарға бұл мерзімді ұлғайту құқығы беріледі”, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, иесі болуы мүмкін жануарларды ұстауға ұзағырақ мерзім қарастырылған.
“Мұндай жануарлар үшін ұстау мерзімі 60 күнге дейін белгіленеді”, – деді депутат.
Жануарлардың жағдайы не болады?
Жаңбыршин заң жобасы автоматты түрде жоюды қарастырмайтынын айтты.
“Қатігездікті насихаттамаймыз. Біз тәртіпті, бақылауды, жауапкершілікті және азаматтарды қорғаудың нақты механизмін ұсынып отырмыз”, – деді ол.
Оның айтуынша, ұстау мерзімі ұзартылған жағдайда жануарлар:
- жаңа иелеріне берілуі;
- баспаналарда қалдырылуы;
- ұзақ уақыт бойы күтімде болуы мүмкін.
Депутаттың пікірінше, жануарлар мүмкіндік болса табиғи өліміне дейін ұсталады.
Мысықтарға бөлек тәсіл қолданылады
Заң жобасында қаңғыбас мысықтарға қатысты гуманистік тәсіл сақталады.
“Мысықтарға қатысты қайта жіберу (қайтару) моделі сақталады. Бұл тәсілдің жазалаушы емес, сараланғанын көрсетеді”, – деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, бұл әдіс адамдарға төнетін қауіп пен санитарлық тәуекелдердің айырмашылығын ескереді.
Мәжілісте заң жобасы жануарларды жаппай жоюға емес, жүйені реттеуге және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
Бұған дейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларға қатысты ережелерді өзгерту ұсынылған. Жаңа түзетулерге сәйкес, жануарларды бұрынғыдай ұстап, емдеп, қайта көшеге жіберу тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Оның орнына жануарлар қайтарылмайды, арнайы орындарда ұсталады.
Сонымен қатар ұсталған жануарларды міндетті түрде уақытша ұстау пункттеріне орналастыру қарастырылған. Ал тегін вакцинациядан бас тарту және эвтаназияны қолдану аясын кеңейту ұсынылып отыр.
Депутаттардың айтуынша, қазіргі жүйе күткен нәтиже бермеген, сондықтан оны өзгерту қажет. Сонымен қатар жаңа ереже баспаналарға қоғамдық бақылау енгізуді, әкімдіктердің міндеттерін нақтылауды және үй жануарларын тіркеу, чиптеу, өсіру мен ұстау талаптарын қатаңдатуды көздейді.
Мән-жай
Бұған дейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларға "таймер" енгізу ұсынылған. Демек жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: қаңғыбас жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі мүмкін.
Экология министрлігі бұл өзгерістерді қазіргі жүйенің тиімсіздігімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, жануарлар әлі де топтасып, адамдарға қауіп төндіріп отыр.
Сонымен қатар жаңа түзетулер үй жануарларын міндетті түрде чиптеуді, оларға қатыгездік жасағандар үшін жауапкершілікті күшейтуді және жануарларды өсіруді реттеуді көздейді.
Алайда қоғамда бұл өзгеріспен келіспейтіндер де бар. Жануарларды қорғаушылар мұндай шаралар жануарларды жаппай жоюға әкеледі деп санайды. Олар керісінше, баспаналарды дамыту, иелерге бақылауды күшейту және алдын алу жұмыстарын жақсартуды ұсынады.
Айта кетейік, “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң 2021 жылы қабылданған. Бірақ сарапшылар мен қоғам белсенділері оның көптеген нормалары әлі толық жұмыс істемей отырғанын айтады.