Қазақстанда 2027 жылдан бастап зейнетақы өседі
Қазақстандық зейнетақы төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірден 8,5%-ға өсуі жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республикалық бюджет жобасында базалық және ең төменгі зейнетақының жаңа мөлшері, сондай-ақ алдағы үш жылға арналған төлем сомалары көрсетілген.
2027 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 38 622 теңге, ал ең төменгі зейнетақы 74 919 теңге болады деп жоспарлануда.
Зейнетақы төлемдерінің өсімі жасқа және еңбек өтілі үшін берілетін төлемдерге де қатысты болады. Бюджет жобасында оларды 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға арттыру көзделген.
Сонымен қатар бюджет жобасына сәйкес, базалық зейнетақының орташа мөлшері жыл сайын өседі:
- 2027 жыл — 59 мың теңге;
- 2028 жыл — 62,8 мың теңге;
- 2029 жыл — 67 мың теңге.
Орташа ынтымақты зейнетақы да ұлғаяды деп күтілуде. Оның мөлшері:
- 2027 жыл – 111,6 мың теңге;
- 2028 жыл – 118 мың теңге;
- 2029 жыл – 124,7 мың теңге болады.
Осылайша, мемлекет зейнетақы төлемдерін келесі жылы ғана емес, одан кейінгі екі жылда да кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр.
Зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларға жұмсалатын шығындар да өседі. Бюджетте бұл мақсаттарға 2027 жылы – 6,86 трлн теңге, 2028 жылы – 7,4 трлн теңге, 2029 жылы – 8 трлн теңге қарастырылған.
Алайда әзірге бұл бюджет жобасы, түпкілікті бекітілген сомалар емес. Құжат 5 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады. Одан кейін ол Құрылтайдың қарауына жіберіледі.
Бюджет параметрлері әлі өзгеруі мүмкін. Егер жоба өзгеріссіз қабылданса, төлемдердің жаңа мөлшері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салсақ, осыған дейін 2027 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін арттыру жоспарланып отырғанын жазғанбыз. Қаржы министрлігі "Ашық НҚА" порталында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жариялады.
Қазақстандық ата-аналар баласына тоз-тозы шығып, парағы жыртылған кітап берілгеніне шағымданды
