"Қазақстан темір жолы" триллиондық қарызынан қалай құтылмақ: Көлік министрі мән-жайды айтты

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев “Қазақстан темір жолы” компаниясының триллион теңгелік қарызы қалай өтелетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр қымбат инфрақұрылымдық жобалар үшін алынған несиелерді компания транзиттен және өзге де табыстар есебінен жаба алатынын мәлімдеді.
“Қарыз туралы айтсақ, ол 3 миллион теңге емес, 3 триллион теңге. Транзит – үлкен мүмкіндік. Бұл бағыттан қаншама табыс табуға болады. Сондықтан біз инвестиция салып, “тар жерлерді” кеңейтуіміз керек”, – деді ол журналистерге.
Оның айтуынша, ұлттық компания жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағыларын кеңейтуге белсенді түрде қаржы құйған.
“Мысалы, Достық-Мойынты желісі салынды. Оны ешкім тегін бермеді, компания несие алды. Алтынкөл-Жетіген бағыты кеңейтіліп жатыр. Бұл да қаржы. 2,5 мың шақырым жолды жаңғырту да үлкен қаражатты қажет етеді. Егер транзитті дамытамыз десек, қаржы салу міндетті”, – деді Сауранбаев.
Ол бұл қаражаттың барлығы нарықтан қарызға алынатынын еске салды.
“Бұл қаражат жарғылық капиталға салынбайды. Компания оны несие ретінде алып, жобаларға бағыттайды. Соның нәтижесінде есепте қарыз көлемі өседі. Мысалы, Достық-Мойынты жобасы 504 миллиард теңге тұрады. Бұл қарыздың пайда болуына себеп. Ендігі басты сұрақ, бұл жоба өзін ақтай ма және қосымша табыс әкеле ме”, – деді министр.
Сонымен қатар ол табыстың өсуі есебінен қарыз жүктемесі азаятынын айтты.
“Қарыз бен табыстың, Салықтар, амортизация және пайыздар төленгенге дейінгі пайда көрсеткішінің арақатынасы бұрын 16-ға дейін жеткен. Ал қалыпты деңгей – 3,75. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1-ден 4-ке дейін төмендеді. Бұл қалыпты жағдай. Ал қор өкілдері ұсынған болжам бойынша 1:1 деңгейіне жетіп, яғни “қызыл аймақтан” “жасыл аймаққа” өттік”, – деді Сауранбаев.
“Қазақстан темір жолы” басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев ұлттық компания осы жылдың соңында IPO (алғашқы жария орналастыру) өткізіп, қарызды өтеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
“Баланстық қарыз – 3,8 триллион теңге, номиналдық қарыз – 4,7 триллион теңге. Оның 48%-ы жұмсақ валютада, 52%-ы қатты валютада”, — деді ол.
Оның айтуынша, IPO-ға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Компания шамамен 2,3 триллион теңгені жылжымалы құрамды жаңартуға, ал 1,3 триллион теңгені ілеспе жобаларға жұмылдырған.
ОқыңызБұған дейін компнанияның еурооблигациялар шығару арқылы 1 миллиард доллар тартқаны белгілі болды. Бағалы қағаздарға сұраныс 3,9 миллиард долларға жетіп, ұсыныстан шамамен төрт есе жоғары болған.
Компания 5 және 10 жылдық екі транш облигация шығарды. Бес жылдық облигациялар бойынша купон мөлшерлемесі 4,875%, кірістілік – жылына 5%. Ал он жылдық облигациялар бойынша купон – 5,25%, кірістілік – 5,35%.
Жоғары сұраныс арқасында "Қазақстан темір жолы" ұқсас рейтингтегі көптеген компанияларға қарағанда қаржыны тиімді шарттармен тарта алған.
Сонымен қатар ақпанда Bloomberg агенттігі “Қазақстан темір жолы” 2026 жылдың мамыр айында IPO өткізуі мүмкін екенін хабарлаған. Компания бұл орналастырудан шамамен 1 миллиард доллар тартуды жоспарлаған.
Қазақстан компания акцияларының 25%-на дейінін сатуды көздеп отыр.
2025 жылдың қыркүйегіндегі дерек бойынша, “Қазақстан темір жолының” таза қарызы шамамен 6 миллиард доллар болған. "Самұрық-Қазына" қоры IPO-дан түскен қаражаттың бір бөлігі осы міндеттемелерді өтеуге бағытталуы мүмкін екенін растаған.
Компанияның инвестициялық тартымдылығы транзит көлемінің өсуі есебінен артуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылдың 11 айында транзиттік тасымал көлемі 27,9 миллион тоннаға жеткен (2024 жылы — 27,5 миллион тонна).
Айта кетейік, бұған дейін Депутат Шәкәрім Бұқтұғұтов "Қазақстан темір жолының" қарызы 3 триллион теңгеден асатынын айтқан еді. Сол кезед депутат пойыз билеттері қымбаттауы мүмкін екенін айтқан.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ