17 жыл бойы жер кезегінде тұрған қазақстандық әкімдікті сотқа беріп, жеңіп шықты

17 жыл бойы жер кезегінде тұрып, кезегі дұрыс жылжымаған қазақстандық сотта әкімдікті жеңіп шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғынның кезегі осы жылдар аралығында тек 8 сатыға ғана жылжыған. Кейін ол Талдықорған қаласының Еркін ауылдық округі әкімінің аппаратын сотқа беріп, әкімдіктің әрекетін заңсыз деп танып, өзін жер кезегіне қайта қосуды талап еткен. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмаған. Бұдан соң тұрғын соттың шешіміне шағымданып аппеляцияға берген.
“Сот алқасы өтініш беруші 2006 жылғы 18 қазанда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу кезегіне 2325-нөмірмен тіркелген. 2008 жылы азаматтардың өтініштері Еркін ауылдық округі әкімінің аппаратына берілген кезде оның кезектегі нөмірі 1759 болған. Алайда 2025 жылғы 21 сәуірдегі жағдай бойынша кезектің электрондық тізілімінде ол 1751-нөмірмен көрсетілген. Яғни 17 жыл ішінде кезек небәрі сегіз орынға ғана жылжыған.
Сонымен қатар құжаттарға қарағанда, 2009–2013 жылдары Еркін ауылдық округінде кемінде 462 жер учаскесі берілген. Осыншама жер берілсе, кезек те әлдеқайда көбірек жылжуы керек еді”, – делінген сотта.
Апелляциялық сот әкімдіктің кезек неге соншалықты аз жылжығанын және электронды тізімде нөмірлер қалай қойылатынын түсіндіріп беретін нақты дәлелдер ұсынбағанын айтты.
“Нәтижесінде сот Т.-ны кезекке 1751-нөмірмен қоюды заңсыз деп тапты. Апелляциялық сот бірінші соттың шешімін жойып, жаңа шешім шығарды. Онда әкімдіктің әрекеттері заңсыз деп танылып, Т.-ны 2006 жылдан бергі бастапқы кезегіне, яғни нақты жылжуды ескере отырып, қайта қою және оған тиісті құжат рәсімдеу міндеттелді”, – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ
Оқыңыз