Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан темір жолы" мамыр айында 1 млрд доллар көлемінде IPO өткізуді қарастырып жатыр – Bloomberg

ҚТЖФото: Gov.kz

Қазақстан Темір жолы 2026 жылғы мамырда IPO-ға шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Bloomberg мәліметінше, компания шамамен 1 миллиард доллар тартуды жоспарлап отыр. 

Тартылатын қаражат кең көлемді даму бағдарламасын қаржыландыруға жұмсалмақ. Сонымен қатар ҚТЖ жергілікті биржада және Лондон қор биржасында (LSE) қос тізімдеу нұсқасын қарастырып жатыр. Акциялардың 25%-ға дейінгі бөлігі сатылымға шығарылуы мүмкін.

Бұған дейін IPO-ға дайындыққа Citigroup Inc., JPMorgan Chase & Co. және Societe Generale SA қатысатыны хабарланған еді. Былтыр қарашада сарапшылар ҚТЖ-ның жалпы құнын 10 миллиард доллардан жоғары деп бағалаған. Компания мен “Самұрық-Қазына” қоры мәміле параметрлерін жарияламады, бірақ қордың баспасөз қызметі IPO қаражатының бір бөлігі қарызды өтеуге бағытталуы мүмкін екенін атап өтті.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша компанияның табысы 33,3% өсіп, 109,5 миллиард теңгеге жеткен. Кірістер 27,6% өскен, ол шамамен 2 триллион теңге. Ал ҚТЖ міндеттемелері 23% өсіп, 4,9 триллион теңгеден бір-ақ шықты. Компанияның таза қарызы 2025 жылғы қыркүйекте шамамен 6 миллиард доллар деп бағаланған.

ҚТЖ IPO алдында нарықтық құнын қалай арттыруды жоспарлап отыр

Дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, ҚТЖ транзиттік тасымал көлемінің өсуіне сенім артып отыр. Бұл валюта түсімін қамтамасыз етіп, нәтижесінде компанияның нарықтық құнын биржаға шығудан бұрын арттырады деп болжанған.

Былтыр 11 айда тасымал көлемі 27,9 миллион тоннаға жеткен, ал 2024 жылы 27,5 миллион тонна болған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік логистикасын стратегиялық басымдық деп атап, екі жаңа теміржол құрылысын аяқтауды тапсырған. Сондай-ақ мемлекет басшысы үкіметті биыл тасымал көлемін 65% (55 миллион тоннаға) өсіру жоспарларын қайта қарауға шақырып, көршілес елдердің инфрақұрылымы осындай көлемді көтере алмайтынын ескерткен.

Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, Қытай Ресейді айналып өтіп, Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналғанын ескеріп, елдің шығысы мен батысын байланыстыратын жаңа жолдарды салу жоспарланып отыр. Транзит Қытайдан Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы Ресейді айналып өтіп, қазіргі 4,5 миллион тоннадан келер жылдары 7-10 млн тоннаға дейін өсетіні болжанды.

ҚТЖ 2014 жылдан бері IPO-ға шығуға талпынып келеді

ҚТЖ-ның IPO мерзімдері бірнеше рет өзгерді. Алғашында компания акцияларын шығару “Халық IPO” бағдарламасы аясында 2011 жылы жоспарланған. Бастапқы жоспарларда 2014 жыл көрсетілген, ал 2013 жылдың басында сол кездегі ҚТЖ басшысы Асқар Мамин премьер-министр Серік Ахметовке ұлттық тасымалдаушының көрсеткіштері “халықтық IPO-ға” дайын екенін хабарлаған. Кейін мерзім 2016 жылға ауыстырылды. Жаңа приватизация толқыны және ҚТЖ қаржылық сауықтыру туралы әңгімелер аясында жаңа нысан 2020 жыл болды.

Алайда 2019 жылғы қарашада үкімет компанияны IPO-ға 2023 жылға дейін шығармайтынын айтты. Кейін 2020 жылғы 10 маусымда мемлекеттік комиссия ҚТЖ IPO-ның 2023 жылға белгіленген күнін бекітті, бірақ кейін 2025 жылға ауыстыру туралы айтылды.

Былтыр қаңтарында “Самрук-Қазына” қоры IPO-ның 2025 жылы өтетінін хабарлаған. Ал 2025 жылдың соңында ҚТЖ жаңа нысан ретінде 2026 жылды атады.

Айта кетейік, бұған дейін Жоғарғы сот "ҚТЖ" компаниясына салынған 1,4 миллиард теңгелік айыппұлды жойғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Ақпан, 2026 16:47